Оралда қазақтың үш батыр қызына ескерткіш орнатылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда қазақтың үш батыр қызы, Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға орнатылған ескерткіш салтанатпен ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

null

Оның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атап өткеніндей, Ұлы Отан соғысы басталып, ел басына күн туған сәтте ерлермен бірге майданға өз еріктерімен қазақтың Мәншүк, Әлия, Хиуаз сынды батыр қыздары да аттанған болатын. Бүгінде Отан үшін қанын да, жанын да аямаған олардың қаһармандығы баршаға белгілі. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланғаннан кейін өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер осы үш батыр қызға Оралда ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс жасаған еді. Мемлекеттік комиссия он бір жобаның ішінен белгілі мүсінші Нұрлан Далбайдың жұмысын таңдап алды. Бұл ескерткіш қазақтың батыр қыздарының ерлігін дәріптеп, «Мәңгілік елге» бет алған еліміздің жас ұрпағын отаншылдық рухта тәрбиелеуге септесетін болады.

null

Бұған дейін Астанадағы Кенесары ханның, Атыраудағы Дина Нұрпейісованың, Оралдағы Абай мен Сырым батырдың тұлғаларын, сондай-ақ Әбілхан Қастеев, Мұқағали Мақатаевтың мүсіндерін сомдаған Нұрлан Далбай - Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторларының бірі. Енді, міне, Оралдағы жаңадан ашылған композицияда ортада Мәншүк, екі жағында Әлия мен Хиуаз бейнеленген.

null 

Еске сала кетейік, Астанадағы көркем-құйма комбинатында қоладан құйылған аталмыш ескерткішті орнату жұмыстарына облыстық бюджеттен 139 млн теңге қаралған болатын. Бұрын осы алаңда тұрған Мәншүк Мәметованың ескерткіші қалпына келтіру жұмыстарынан кейін аудандардың біріне қойылады. 

null null null 

Соңғы жаңалықтар