Оралда ақын-ұстаз Ақмаржан Таубаеваны еске алу кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын-ұстаз, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ақмаржан Таубаеваның (1958-2016) шығармашылығына арналған «Құлын дауысты жыр-әлем» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Еліне адал қызмет еткен ұстаз, ақын, журналисті еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кеште оның өнердегі және қызметтегі әріптестері сөз сөйлеп, ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті. Ол ұлағатты ұстаз болумен бірге баспасөз саласында жемісті еңбек етті.
null 

Шара барысында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ректоры Софья Ізмұхамбетова және басқалар сөз алып, Ақмаржан Бақытқызының өмірі мен өлеңі, ұстаздығы мен журналистігі хақында сыр шертті.
null 

Кешке ақынның ұлы Әнасыл мен қызы Әнару, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі, Теректі ауданынан арнайы келген жерлестерімен бірге өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақынның өлеңдері оқылып, оның сөздеріне жазылған әндер орындалды. Ақ Жайық Ақмаржанын осылайша тағы бір мәрте еске алды.

Еске сала кетейік, «Мен - Жайықтың перзентімін» деп ақынның өзі жырлағанындай, Ақмаржан Таубаева Ақ Жайық жағасында туып-өсті. Ұзақ жыл баспасөз саласында жемісті еңбек еткен ол кейінгі жылдары «Өрлеу» БАҰО» АҚ БҚО бойынша филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Жайық ұстазы» газетін шығарып, оның бас редакторы болды. Журналистикамен қатар қара сөзді қаузап, өлең жазған Ақмаржанның «Жайықтың ақ самалы» атты кітабына белгілі ақын Ибрагим Иса алғысөз жазып, қолдау білдірген еді. Сондай-ақ оның бір топ өлеңдері кезінде «Сорос - Қазақстан» қоры жариялаған республикалық байқаудың қорытындысы бойынша таңдаулылар қатарында арнайы жинаққа енгізілген болатын. Қазақтың партизан қызы Нұрғаным Байсейітова туралы қалам тербеп, «Нұр апасы Жайықтың» атты кітап шығарды.
null 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында өткен жылы ақын Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхана ашылған болатын. 
null 

Соңғы жаңалықтар