Оралда ақын Қасымхан Бегманов оқырмандарымен жүздесті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына шығармашылық сапармен келген ақын, Қазақстан Жастар одағы, сондай-ақ халықаралық «Алаш» әдеби және «Ильхам» сыйлықтарының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қасымхан Бегманов Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Ақын жүрегіндегі арман» атты кездесу кешін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралдық оқырмандарымен ақтарыла сыр шертіскен ақын өлеңдерін оқумен бірге қазіргі қоғам мен адам алдында тұрған ұлы міндеттер, ұлттық құндылықтарды сақтау, Алаш қайраткерлерінің бұдан жүз жыл бұрынғы бастап кеткен жұмыстарын жалғастыру, есімдерін мәңгі есте қалдыру, ең бастысы, тәуелсіз Қазақ елінің туын биікте желбіретіп, еңсесін асқақтату төңірегінде өз ойларымен бөлісті. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты кітап жазған қаламгер қазақтың осынау бірегей тұлғасы туралы тебірене әңгімеледі.

«Осы сапарымдағы негізгі мақсатым - «Дәстүр» кеше, бүгін, ертең» атты жаңа ғылыми-көпшілік жобасы аясында жалғыз адамдық этнографиялық экспедициямен жүрмін. Қарағанды облысынан бастадым. Көрісу айтында, Амал мерекесінде Маңғыстауда болдым. Сосын Жетісу, Талдықорғанды айналып, Алматы облысын шарладым. Менің «Дәстүр» атты ұлттық-этнографиялық журнал шығарғаныма жеті жыл болды. Аталмыш жоба атақты этнограф, ғұлама ғалым Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналып отыр. Ғалыммен көзі тірісінде сұхбаттасып, «Этнографпен әңгіме» атты кітап шығардым. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, профессор Уахит Шәлекенов, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Советхан Ғаббасов, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев және белгілі этнограф Болат Бопаймен көлемді сұхбаттар да дайын тұр. Ел ішін аралап жүрген себебім - қазақтың салт-дәстүріне байланысты әңгімелерді жинақтап, құнды деректер мен көне бұйымдарды іздестірмекпін. Осы жоба нәтижесінде төрт томдық жинақ шығаруды жоспарлаудамын», деді Қасымхан Бегманов.

Кеште жас ақындар Мәрлен Ғилымхан, Азамат Бақиев, Жанерке Ғинаят өз өлеңдерін оқыса, журналистика ардагері Тихон Әліпқалиев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айсұлу Қадырбаева Қасымхан Бегмановтың қазақ дәстүрін насихаттаудағы қадамына сәттілік тіледі.

Соңғы жаңалықтар