Оралда 2,3 млрд. теңгеге көпір қайта салынбақшы

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласында локомотив депосы маңындағы көпірді бұзу барысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Көпір құрылысы «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен жүргізілуде. Жоба құны - 2,3 млрд. теңге. Бас мердігер «КА-Строй LTD» ЖШС биылғы 1 наурызда басталған көпірді бөлшектеудің 95 пайызын атқарып бола келген. Көпір құрылысының екі жылға есептелуі осы жермен теміржолдың өтетіндігінде. Сондықтан барлық жұмысты «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келісіп жасауға тура келеді. Көп ұзамай Орал-Астана және Орал-Алматы бағытында «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы іске қосылған кезде жұмыс уақыты одан да қысқара түседі.



Учаске бастығы Бақыт Бектұрғановтың сөзіне қарағанда, көпірді бұзу жұмысы он күн ішінде бітпек. Жаңа көпір құрылысы үшін қазірдің өзінде темірбетон құрылымдарының 30 пайызы әкелінген, бұл жұмыс та жалғасуда. Құрылыс үшін пайдаланылатын материалдардың бәрі де - қазақстандық өнімдер. Күні бүгін мұнда 13 арнайы техника мен 39 құрылысшы жұмылдырылған.



Облыс басшысы құрылыс екі жылға жоспарланғанымен, оны ертерек аяқтау керектігін жеткізді. Өйткені көпір қала орталығында орналасқандықтан, оның ұзақ жөнделуі көлік қозғалысына қиындық келтіретіні анық. Көпірдің тірек бағаналары мен негізгі төсемдері ертерек салынса, қысқы маусымнан кейін қатқыл табанды жол тартуды да мезгілінде бастауға болады. Әрине, сапаны да естен шығармау керек.



Айта кетейік, жобаға сәйкес көпірдің ені төрт жолақты автокөлік қозғалысына лайықталып, 8 метрден 19 метрге дейін кеңейтіледі. Екі жағында жүргінші жолы болады.

 
 

Соңғы жаңалықтар