Оңтүстіктің құнды тарихы түгенделіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев белгілі шығыстанушы, дінтанушы Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесті.

Әңгіме Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, оңтүстіктің тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, ұлттық бірігуі жайлы өрбіді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОҚО әкімдігіне сілтеме жасап.

Руханият саласында талай жылдардан бері түрлі зерттеулер жүргізіп келе жатқан әдебиет зерттеушісі облыс басшысын соңғы уақытта жарыққа шыққан еңбектерімен таныстырып, Оңтүстікке қатысты шығармалар топтамасын ұсынды. Ә.Дербісәлі оннан астам тарихи-филологиялық зерттеулер мен эсселердің, очерктердің авторы.

Шығыстанушының зерттеуінше, барша тарихшылар айтып жүргендей Қожа Ахмет Ясауи Түркістаннан шыққан ең алғашқы ғалым емес, одан 100 жыл бұрын Абдулла Әли Ясауи атты оқымысты дүниеден өткен екен. Яғни, бұл азамат 1094 жылы қайтыс болған деп болжайды Әбсаттар қажы. Сонымен қатар, ол Үндістанның Кашмир қаласынан Ясауи бабамыздың 5-6 ұрпағын тапқан. Испания астанасы Мадридтен де Ясауиге қатысты тарихи жәдігер - Ясауи трактатын тапқан жазушы қазіргі Сайрам ауданынан шыққан үш оқымысты - Низамиддин әз Сайрами, Әбдірахман әз Сайрами, Сайфаддин әз Сайрами есімді ғалымдардың еңбектерінің көшірмесін алған. Бұл жаңалықтары туралы халықаралық үлкен басқосуларда баяндап жүрген ғалым, бұл мәліметтер түп-тұқиянымыздың тереңдігін нақтылауда болашақ ұрпақ үшін өте құнды дүние деп біледі.  

Жазушының еңбектерімен танысқан Жансейіт Қансейітұлы шығыстанушының оңтүстікке қатысты еңбектерін жергілікті басылым беттері мен жеке баспаларда жариялап, ұлттың рухани байлығын толықтырып, оны көтеру жөнінде жауапты басшыларға тапсырма берді. Өз кезегінде, Әбсаттар Бағысбайұлы бұл нұсқауды Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласындағы тапсырмаларын жүзеге асыруда жақсы бастама екенін тілге тиек етті.

 

Соңғы жаңалықтар