Өңірлерде кинотеатрлар ашуға не кедергі - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптаның басында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-дегі ресми сапарының екінші күнінде «Болашақ энергиясы» (World Future Energy Summit) Дүниежүзілік Саммиті форумына қатысты.

«Болашақ энергиясы» саммиті - жыл сайын  Әбу-Дабиде өтетін  болашақ энергетикалық өнеркәсіпті дамытуға, экология мәселелеріне арналған көрме-конференция. Форум энергияның жаңартылған көздері, экологиялық таза технологиялар мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері қозғалатын әлемдегі ең  ірі, маңызды шара болып табылады.

Мемлекет басшысы саммит саясаткерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың энергетика саласында және энергияны үнемдеу ісінде таза технологияларды дамытуға ықпал ету бағытында жүріп жатқан жаһандық диалогының маңызды бөлігіне айналғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр энергетика саласындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қажет екенін айтып, бұл тек энергетика саласының даму векторын ғана емес, планетамыздың алдағы мыңдаған жылдардағы тағдырын анықтайтын кезең болуға тиіс екенін атап өтті.

«Ресурсқа бай кейбір мемлекеттер өкілдері өз энергетикалық саясатының салдары туралы ойлана бермейді. Басқа елдерде бұл саясат өз ресурстарын сақтап қалып, үшінші елдерге экономикалық энергетикалық экспансия жасауға негізделген», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы саммит жұмысы ұлттық «таза» энергетикалық саясаттың әзірленуі мен белсенді түрде енгізілуіне себепші боларына сенім білдіріп, энергияның жаңа көздерінен пайда таба білу қажет екенін айтты. «Бұрын тек дамыған елдердің ғана одан пайда табуға мүмкіндігі бар еді. Олар жаңа энергия саласындағы  технологиялар бойынша білім мен техникалық тәжірибе жинақтай алды. Қазір дамушы елдер үшін осы үдеріске қосылуға ең қолайлы уақыт туып отыр», - Елбасы.

Бұдан бөлек, Н. Назарбаев биыл еліміздің астанасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетінін, көрме аяқталған соң оның инфрақұрылымы базасында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын атап өтті.

«Біз Дубай қаржы орталығымен келіссөз жүргіздік. Олардың тәжірибесін Қазақстанда қолдану жөнінде уағдаластық», - деді Мемлекет басшысы.

 

Универсиадада ел намысын 168 спортшы қорғайды

Өтіп бара жатқан бұл аптадағы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық мәселелері талқыланды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, бүгінгі күні спорт түрлері бойынша команда құрамалары анықталды. Министрдің пайымынща, спортшыларымыздың жақсы өнер көрсетуге Үкіметтің жазғы және қысқы Дүниежүзілік Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бір реттік сыйақы белгілеу туралы шешімі ынталандыра түсетін болады.

«Бірінші орынға 4,9 млн., екінші орынға 3,3 млн., үшінші орынға 1,6 млн. теңге беріледі. Дәл осындай сыйақылар Универсиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жаттықтушыларына да қарастырылған», - деді ол.

Отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Универсиада кезінде Алматы тұрғындарының күнделікті түрмысына кедергі келтірілмеуі тиіс екенін ескертті.

«Елімізде алғаш рет өтетін Универсиадаға да санаулы ғана уақыт қалды. Осыдан оншақты күн бұрын Алматы қаласында менің төрағалығыммен ұйымдастыру комитетінің соңғы мәжілісі өтті. Сонда жауапты азаматтар жалпы осы кезеңге дейін жоспарланған шаралардың барлығы  атқарылғандығын айтып берді. Ендігі үлкен міндет - осынау ауқымды халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу. Бүгінгі Үкіметтің кеңесін  пайдаланып, 3 ерекше бақылауда тұратын мәселеге назар аударғым келеді», - деді ол.

Осы ретте Тасмағамбетов қауіпсіздік мәселесін айрықша назарда ұстау қажеттігін баса айтты.

«Министр мырза (Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов - ред.) дайындық мәселесі жөнінде айтып берді. Бірақ қауіпсіздік,  тәртіп сақтау мәселелеріне, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық, медициналық мәселелерге де қатты  көңіл бөлу керек сияқты. Өйткені, көп қонақ келмекші», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның баса назар аударған екінші мәселесі көліктік-логистика саласы болды.

«Әуежай қызметінен бастап Алматы қаласының аумағында спортшылар мен қонақтардың қатынауына дейін, сонымен қатар қонақтарды тасымалдау мәселесі Алматы қаласының тұрғындарының күнделікті тұрмысына кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл мәселені біз комиссияның отырысында да талқылаған болатынбыз. Бұл мәселе жөніндегі жоспар қалалық әкімдікте бар. Бірақ, назарда болуы керек деп есептеймін»,-  деді ол.

Ол үшіншіден коммуналдық қызметтердің нақты және үйлестірілген жұмысы болуы тиістігін атап өтті.

«Қаңтар айының аяғында Алматы қаласында қысқы мезгілдегі  қардың қалың түсетіні белгілі. Осыған байланысты тиісті қызметтер арнайы жұмыс режіміне көшуі қажет. Сонымен қатар апатты қызметтердің, оның ішінде энергетика, жылу және сумен қамтамасыз ету салаларының әзірленген жұмысын қамтамасыз ету қажет. Міне осы үш мәселеге көңіл аудару қажет деп есептеймін»,-  деп түйіндеді сөзін Тасмағамбетов.

Өз кезегінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға байланысты бірқатар мемлекеттік органға нақты тапсырмалар жүктеді.

«Алматы қаласының әкімдігі Инвестициялар және даму министрлігімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірге көліктік-логистика мәселелерін, Универсиаданың жаңа нысандарының қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына сай жұмыс істеуін тағы бір тыңғылықты пысықтауы тиіс. Ішкі істер министрлігі адамдар жаппай жиналатын нысандардағы, қонақ үйлер мен қоғамдық орындардағы, қоғамдық көліктердегі  өрт қауіпсіздігі жай-күйіне бақылауды күшейтуі қажет. Жалпы, ІІМ-ге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Сағынтаев.

Үкімет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ақпараттық-имидждік жұмыстарға баса назар аударуды жүктеді. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Универсиада кезінде медициналық қызмет көрсетуге айрықша мән беру тапсырылды.

 

Отандық кинематография саласында есеп берілді

Бұл аптадағы Үкіметтің отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы отандық кинематография саласында атқарылған жұмыс бойынша есеп берді. Жарты сағаттың ішінде министр ондаған фильмнің трейлерін көрсетіп үлгерді.

Мұxамедиұлының сөзіне қарағанда, бүгінгі кинопрокатта отандық фильмдердің үлесі 6 пайызды құрап отыр. Ал кинотеатрларда жиналатын қаржының жалпы көлемі 10 млрд. теңгені құраса, аталған қаражаттың 7 пайызы қазақстандық фильмдерге тиесілі. «Соңғы үш жылдың ішінде министрліктің қолдауымен 100-ге жуық ұлттық фильм түсірілді. Бүгінде 40-тан астам фильм түсіріліп жатыр», - дейді министр.

Оның айтуынша, қазіргі кезде көптеген мемлекеттер өз киноларын әлемдік нарықтарға шығару арқылы ұлттың мәдениетін, тариxын және салт-дәстүрін кеңінен насиxаттап жатады. Түптің түбінде мемлекеттің xалықаралық дәрежеде атақ-абыройы көтеріледі. Осы орайда министр Ресей Федерациясымен бірлесіп түсірілген «28 панфиловшы» фильмін ерекше атап өтті. Аталған картина өткен жылдың үздік фильмі ретінде танылып, түсіру жұмыстарына жұмсалған шығынды толығымен ақтап шықты.

Бауыржан Момышұлының сөзімен басталатын фильмде екі мерген қазақ азаматының майдандағы ерлігі жан-жақты көрсетілген. Прокат құқығын голивудтық «Universal» сатып алды. Осы уақытқа дейін оны Еуропа мен Канадада көрсетті. Алдағы уақытта Жапония, Корея, Ұлыбритания мен Францияда прокатқа шығару жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Марко Полоның Жібек жолы», «Әміре» және тағы басқа xалықаралық жобалар бар. «Көшбасшының жолы» атты фильм де Ресей, Қытай, Франция, Гонконг пен Грекияда көрсетілді. Алдағы уақытта аталған фильм xалықаралық әуе рейстерінде көрсетіледі.

«Біз қазақтың біртуар азаматтары арқылы xалқымыздың ұлттық болмысын, мәдениетін және салт-дәстүрін әлем елдеріне паш етуіміз керек. Шетелдік көрермен де соған қатты қызығады», - дейді Мұxамедиұлы.

Министр ішкі прокаттағы үздік фильмдерді де ерекше атап өтті. Солардың ішінде «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Аманат», «Алмас қылыш», «Қазақ елі» сияқты көркем және анимациялық фильмдер бар.

Осы ретте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ойынша, отандық киноиндустрия саласына бизнесті көптеп тартып, моноқалалар мен шағын қалаларда кинотеатрларды көптеп ашу қажет.

«Сондықтан кинемотографияны дамыту тұжырымдамасы аясында отандық киноиндустрияны қолдау шараларын қайта қарап шыққанымыз жөн болар», - деді ол.

Айтпақшы,  ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмін биылдан қалдырмай жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.

«Біз Керей мен Жәнібекпен шектелмей, ол фильмді Қасым ханға дейін түсіруіміз керек. Шыны керек, бүгінде «Алмас қылышты» ары қарай жалғастыруға барлық дайындықтар бар. Оны міндетті түрде жалғастыруымыз қажет. Осы жылы Қазақ хандығының эпопеясын Қасым ханға дейін жеткізуіміз керек», - деді министр Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Соңғы жаңалықтар