«Оқжетпес-Т» мекемесінде қаржы жымқырумен байланысты жаңа деректер шықты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Оқжетпес-Т» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде сыбайлас жемқорлықпен күрес органдары ақша жымқыруға қатысты тағы бір қылмыстық істі қарап жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Мекеме басшысы Ерлан Өтешов қазіргі уақытта сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алған немесе ысырап еткен деген айыппен қамауда отыр. Ақша ұрлауға қатысты жаңа деректер су және жылу құбырлары жүйесіндегі жөндеу жұмыстарына арналған көлікті жалға алумен байланысты болып отыр.

Прокурорлық тексеріс нәтижесінде мемлекеттік мекеме фирмалардан арнайы техниканы жалған жолмен алып отырғаны анықталған. Төрт түрлі ЖШС-нің барлығында бірдей техника көрсетілген. Ал бір көліктің бір уақытта барлық фирмаларда болуы мүмкін емес. Бірақ «Оқжетпес-Т» бухгалтер бөлімі жалға алатын ақшаны төрт фирманың да есепшотына салып отырған. Көлікті жалға алатын қаражат сомасы бір миллионнан үш миллион теңгеге дейінгі көлемде.

«Қазіргі уақытта әртүрлі фирмалармен келісімшарттағы көліктің кімге тиесілі екені тексеріліп жатыр. Бұған «Оқжетпес-Т» мемлекеттік мекемесі басшылығының қатысы бар-жоқтығы анықталуда», - деп хабарлады Теміртау прокуратурасы.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 189 бабы (« Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету») бойынша тергеліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 31 мамырда Теміртау қалалық соты «Оқжетпес-Т» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Ерлан Өтешевті «қамауда ұстау» туралы шешімді мақұлдаған. Судья Шерван Аюбекова күдіктіні екі айға қамауға алу туралы үкім шығарды. Ерлан Өтешов пен «Kaz Temir stell» ЖШС менеджеріне Қылмыстық кодекстің 189 бабы, 3 бөлімі бойынша «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алған немесе ысырап еткен» деген айып тағылып отыр.

Тергеудің алдын ала жорамалдарына сенсек, Ерлан Өтешов Теміртау су және жылу магистралдарындағы құбырларды жөндеуге ескі материалдарды сатып алып, оны құжатта жоғары бағамен көрсетіп отырған. Артық ақшаны менеджермен келісіп бөліп алған. Ұлттық бюро қызметкерлері құбырларды Ұлттық сараптау және сертификация орталығына тексеріске жіберді. Қорытындыда көрсетілгендей, құбырлардың қабырғалары ескірген, сапа талаптарына сәйкес келмейді, коррозияға ұшырағандығы байқалады. Сот бухгалтерлік экспертиза «Оқжетпес-Т» мемлекеттік мекемесіне 27 миллион 500 мың 829 теңге көлемінде шығын келгендігін анықтады.

Шенеунік осыған дейін мас күйде көлік апатына себепкер болып, соның әсерінен әйел адам көз жұмып, екі адам зардап шеккен болатын. Нәтижесінде Өтешов Қарағанды облыстық энергетика басшысы қызметінен кетіп, сонымен қатар, 4 жылға жүргізуші куәлігі мен «Нұр Отан» партиялық билетінен айырылған болатын. Көлік апатына қатысты қылмыстық іс екі жақтың келісімімен тоқтатылған.

Соңғы жаңалықтар