ОҚО: Сырдарияда судың арнасынан асуы мүмкін жерлерге бөгеттер салынуда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдария өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін деген жерлерге төтенше жағдай қызметі бөгеттер салуда. 

Сақтық шаралары Өзбекстан тарапынан көп мөлшерде су келеді деген соң қолға алынып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Себебі, бұған дейін  Өзбекстан гидрометінен келген ескертуге  сәйкес, сәуірдің 22-24 күндері Сырдария өзеніне  секундына 1,8 - 2  млн текше метр су келеді деген болжам айтылған болатын. Осы хабардан кейін күнгейдің төтенше жағдайлар қызметі Сырдария өзені өтетін Арыс, Отырар, Шардара аудандары мен Түркістан қаласында жағаларды бекіту, бөгеттер салу шаралары жүргізілуде. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісовтың сөзінше, қауіп әсіресе Шардара ауданына қарасты Сүткент елді мекеніне төнуі мүмкін.

«Біз қазір Сырдария өзенінде су деңгейі көтерілсе қанша елді мекенді су алып кетуі мүмкін екенін есептеп, сол ауылдардың тұрғындарын ескертіп жатырмыз. Тіпті  кезекшіліктер қойылған.  Қазір Сүткентте 4 мыңға тарта қапр қойылып, сақтық шараларына жеке құрамнан 36 адам жұмылдырылды. Ол жерде, әсіресе 9 тұрғын үй өзенге жақын орналасқан. Су келе қалған жағдайда ондағы 51 адам қауіпсіз жерге көшіріледі. Отырар ауданында бұған дейін су жайылған соң, көп жерлерде бөгеттер салынған. Сонымен қатар төтенше жағдай  қызметкерлерімен және  жергілікті әкімдіктердің адамдарымен кезекшіліктер қойылып, сол жерлерді қадағалап, қарап отыр. Түркістанда да солай. Кешеден бері қауіпсіздік шараларына сәйкес бөгет ретінде 4 мыңға тарта қап қойылып, жағалар бекітілуде. Арыс ауданында өзеннен төмен орналасқан ауылдың саны екеу ғана. Бірақ оларды су басу үшін Сырдария өзеніндегі судың деңгейі  секундына 1,8 мың текше метр су болуы керек»,-деді Нұрболат Дербісов.

Ал, әзірге Шардара су қоймасының сиымдылығы 5,2 млрд текше метр болса, қазір онда 4 млрд 886 млн (95 пайыз) текше метр су бар. Су көбейген жағдайда қосымша Арнасай мен Көксарай су қоймаларына су жіберіледі деп болжануда. 

Соңғы жаңалықтар