ОҚО: Отырар ауданындағы 22 ауылға газ тартылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімінің тапсырмасына сәйкес Отырар ауданында 12 пәтерлік 2 қызметтік үйдің құрылысы жүргізілуде. Шәуілдір ауылында бой көтеретін тұрғын үйлердің жалпы құны 311,6 млн теңге болып бекітілген. Бұл туралы аталған ауданға ұйымдастырылған пресс-тур кезінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аудан әкімі Ерлан Айтахановтың айтуынша, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2019 жылға аяқталады. Биыл атқарылатын құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 200 млн теңге қаржы қаралған.
Аудан басшысы жаңадан бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Заманауи үлгіде салынып жатқан кешенде дзюдо, самбо, қазақ күресінің кілемдері мен волейбол, футбол, баскетбол алаңдары салынатын болады. Ағымдағы жылы пайдалануға берілетін жобаның құны 293 млн теңгені құрайды.
Ерлан Айтахановтың сөзінше, тарихта алғаш рет аудан тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Сөйтіп аудан орталығы Шәуілдір ауылы мен оның жанындағы Темір елді мекені биыл көмір жағудан құтылады. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 1 млрд 558 млн теңге қаржы қарастырылған.
«Жалпы 2014-2016 жылдары 4 млрд 181 млн теңгеге ауданды табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Бүгінде 51,4 шақырым магистральдық газ құбырын жүргізу және АГТС құрылысын салу жұмыстары аяқталған. Аудан көлеміндегі бір-біріне және Шәуілдірге жақын орналасқан 22 елді мекенге газ жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттен қаржы бөлінген. Егер жоба толығымен іске асса, аудан халқының 71 пайызы көгілдір отынмен қамтылатын болады», - деді Ерлан Қуанышұлы.

Соңғы жаңалықтар