ОҚО-ның үздік мемлекеттік қызметшісі елге қызмет ету парызым деп санайды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының үздік мемлекеттік қызметшісі Ордабасы ауданында тұрады. Аудандық әкімдік аппаратының заң бөліміне бас маман болып жұмыс істейтін Абылай Қалықұл елге қызмет етуді парызы санайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Жас келсе-іске» демекші ол 2012 жылы жастар практикасының жолдамасымен Ордабасы аудандық мәслихат аппаратында еңбек жолын бастаған. 2013 жылдың қазан айына дейін осы мекемеде аудармашы қызметін атқарды. Ал, сол жылдың қазан айында мемлекеттік сынақта оң нәтиже көрсетіп, аудан әкімі аппаратының заң бөліміне бас маман ретінде жұмысқа қабылданды.

«Мемлекеттік қызметші - халықтың қызметшісі. Алғаш қызметке кіріскенімнен бастап, осы ғибратты санама берік орнатуға тырыстым. Бұл аға буынның тәлім-тәрбиесі мен өзіңнің болмыс-бітіміңмен ұштасатын қасиет. Ең бастысы, заман тудырған соңғы үдерістер бізден осы қасиетті талап етуде. Бұған бір жағынан Елбасының «100 нақты қадамға» негізделген Ұлт жоспарының берер әсері мол. Ондағы алғашқы реформа - елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған. Санасы сергек, ойы озық кәсіби мамандар - мемлекеттік қызметтің локомотиві іспетті»,-дейді Абылай Қалықұл.

Жас маман жуырда мемлекеттік қызметшілердің ынтасы мен жұмыс өнімділігін арттыруға бағытталған Республикалық «Үздік мемлекетік қызметші» конкурсына қатысып, құқықтық және кадрлық қамтамасыз етуге арналған номинация иегері атанды. Ол осы байқауға қатысу арқылы көптеген әріптестерімен танысып, пікір алмасқанын айтады.  Өйткені, кабинеттік шеңберден шықпау - қайсыбір мемлекетік қызметшінің кәсібилігін арттырмасы анық. Сондықтан аталған жоба ой еркіндігі мен тәжірибе жинақтаудың ілкімді жолы деуге болады», - дейді Абылай.

Сайып келгенде, елге қызмет - келелі міндет. Осыған сай болу үшін жас маман тынбай еңбек етіп, еліме пайдамды тигізсем дейді. Яғни, Елбасының мемлекеттік қызметшілерге деген ерекше сенімін ақтасам деп армандайды. Себебі, сол сенімді ақтау - Абылай секілді жас мамандарға айрықша аманат жүктейді.   

Соңғы жаңалықтар