ОҚО-дағы 7 жасар баланың қазіргі жағдайына алаңдауға негіз жоқ - Зағипа Балиева

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Еліміздің Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева кеше түнде Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы келіп, өңірдің ІІД бастығымен және жәбір көрген 7 жасар баланың туыстарымен кездесті. Әрі балаға қайтадан кешенді және тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізу үшін бүгін өзімен бірге Астанаға алып кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балиеваның сөзінше, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жіберген мониторингтік тобы баланың жағдайын тексеріп шыққан.

«Мониторинг тобы баламен бірден жолыға алмады. Осыдан кейін тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен сөйлестім. Олар кешенді, тәуелсіз сараптама жүргізуге дайын. Баланы өз көзіммен көріп, жағдайын білу үшін Шымкентке келдім. Оның жағдайымен танысып шықтым. Қандай жағдайда екенін білдім. Қазір ол қауіпсіз жерде. Баламен бірге әжесі және нағашы әпкесі жүр. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ол көңілді және қазір менің жанымда. Әжесі мен әпкесі де жанында»,-деді Зағипа Балиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, қазір мемлекеттік органдар тарапынан сот-медициналық сараптама жасау үшін барлық жағдай жасалып отыр.

«Баланың анасымен сөйлестім. Ол да сараптама жасауға келісті. Ертең бала мен әжесі менімен бірге Астанаға барады. Сол жерде анасымен бәріміз кездесетін болдық. Баланың тынығуы үшін барынша жағдай жасау керек. Себебі алда жүргізілетін сараптамалар бала үшін қосымша салмақ болады. Мемлекеттік органдар тарапынан сараптама өткізуге психолог, психиатрлар, балалар дәрігерлері сияқты барлық мамандар тартылады. Кешенді сараптамаға жәбірленуші тараптың қалаған мамандары да қатыса алатын болады. Себебі, кешенді тәуелсіз сараптаманың ашықтығын жан-жақтылығын қамтамасыз етуіміз керек. Сараптама жасау үшін тағы 2 күндей уақыт керек»-деді Зағипа Балиева.

Оның айтуынша, балаға қатысты қандай да бір шешімдер қабылдауға әлі ерте. Барлығы сараптама қортындысы шыққаннан кейін белгілі болады.

«Сараптаманың қортындысы шыққаннан кейін нақты шешімдер қабылданады. Егер де баланың расымен зорланғаны дәлелденсе, оған жауапты барлық адамдардың тиісті жазасын алуын талап ететін боламын. Егер расталмаған жағдайда мен баланың құқықтарының жан-жақты қорғалуын бақылауға аламын. Сондай-ақ күдікке ілінген балалардың да заңдары құқықтары бар. Олардың зорлау әрекеттеріне қатыстылығы дәлелденсе олар заң жүзінде жазасын алатын болады. Бірақ құқықтары толығымен ескеріледі»,- деді Зағипа Балиева.

Депутат сонымен қатар болашақта баланың басқа жаққа қоныс аударуына, баспанамен қамтамасыз етуге жағдай жасау жағы қарастырылып жатқанын айтты. Бұл мәселеге жеткіншектің әжесі де келісім берген.

«Полицияның баланы түсіріп алып қалуы толығымен заңға сәйкес жасалған. Тергеуші шығарған қаулыға сәйкес, балаға қатысты жүзеге асырылуы тиіс жұмыстардың жан-жақтылығы қамтамасыз етілген. Қазір баланың жанында психолог жүр. Тергеушінің қаулысына сәйкес, кешенді сараптамаға тағайындалып отыр. Оған баланың қай уақытқа дайын екенін психолог айтатын болады. Ал, Алматыға апарып, өз бетінше сараптама жасату дұрыс болмайтын еді. Себебі, барлығы тергеушінің қаулысымен заң жүзінде жасалуы керек. Баланы қинап, алдымен тәуелсіз сараптама, кейін кешенді сараптама жасатуға болмайды. Себебі оның да құқықтары бар емес па»,- деді депутат.

Зағипа Балиева сонымен қатар қоғамдағы түрлі пікірталастарға байланысты, баланың қазіргі жағдайына алаңдауға негіз жоқ екенін алға тартты. Себебі жеткіншек қазір толықтай мемлекет қамқорлығына алынған деп түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар