ОҚО-да жыл басынан бері 8,4 млрд теңге игерілмей қалған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында кей басқармалар мен аудан-қала әкімдері бар қаржыны ұқсата алмай отыр. Оған дәлел жыл басынан бері 8,4 млрд теңге игерілмей қалған. Бұл туралы селекторлық жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Жиында облыстың әлеуметтік - экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалуы, «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланды. Мәселен, былтырғы жылдың 5 айымен салыстырғанда инвестиция көлемі Арыста - 71,3, Шардарада - 63,4, Кентауда 45,3, Мақтаралда 43,3, Отырарда  41, Қазығұртта 28, Сарыағашта 20, Төле би ауданында 4 пайызға кеміген. Қыруар қаржы бөлініп, тиісті тапсырмалар берілгенімен дер кезінде орындалмаған. Сала мамандарының сөзінше көрсеткіштің құлдырауына аудандардағы ахуал себеп көрінеді. Ал, мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасының аймақтағы орындалуы да көңіл көншітпей отыр. Өйткені, облыста аталмыш жоба аясында салынып жатқан нысандар бітпей жатып, сынға ұшырауда.

«Сіздер жұмыс біткен кезде кемшіліктерді енді тауып отырсыздар. Жұмыстар басталған кезде тауып, дер кезінде мұндай құрылыс фирмаларынан құтылған дұрыс. Егер осылай жұмыс істейтін болсаңыздар, жауапкершіліктің жоқтығынан нысан дер кезінде берілмейтін болады. Халық зардабын шегеді. Қадағалаңыздар. Әрбір мектеп әрбір аудан үшін үлкен көмек. Қаншама отбасы, семья балалар үшін қуаныш», - деді аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев.

Осындай кемшіліктерге көз жеткізген өңір басшысы бұл мәселелердің қатаң бақылауда болатынын жеткізді. Тіпті, осы жартыжылдықтың қорытындысына қарай басшылардың қызметтік мәселесінің қаралатынын да ескертті.

«Жартыжылдықтың қорытындысы жақындап қалды, сынақ мерзімі де аяқталды. Жартыжылдықтың статистикалық қорытындылары шілде айының 25-не толық шығады. Осыған орай, облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Әуелхан Елтайұлы, 1-ші жартыжылдықтың қорытындысымен аудан, қала әкімдерін және басқарма басшыларын тамыз айының 1-ші онкүндігінде тыңдау бойынша кестесін әзірлеп, бекітуге ұсыныңыз. Индикаторларды орындамаған аудан, қала әкімдерінің және басқарма басшыларының жауакершілігі қатаң қаралады, яғни «қызметіне сәйкестігі» мәселесіне дейін қараймыз»,- деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің сөзінше өз ісіне салғырт қараған қызметкерлер қатаң жазаланбақ. Тіпті, кейбірі жұмысынан кетуі де мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар