ОҚО-да жастар театры комедиялық қойылымды сахналады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған «ONTUSTIK» жастар театры жаңа қойылымды сахналады. Комедиялық жанрдағы «Өлдік те, құрметті болдық» атты спектакльде мейірім мен қайырымдылық секілді ізгі қасиеттер бейнеленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Адамның бойындағы ізгі қасиеттерді  қазіргі жастардың бойына сіңіретін қойылымды тамашалауға облыстағы зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар, жоғары оқу орындарының студенттері келді. Өзбек тілінде сахналанған комедия 4 эпизодтан тұрады. 

Спектакльдің басты  кейіпкері  Мәулен ата өзін өлді деп, балаларына хат жазады. Сөйтіп жаназасына кімнің келіп, кімнің келмейтінін біліп алмақшы болады. Шығарманың мақсаты да сол, қазіргі қоғамда өмір сүріп келе жатқан жастарды ата-ананың қадірі, оларды өлген соң өкініп іздемей, тірі кезінде ардақтап өтуге шақыру болып табылады.

Қойылымның авторы жастарды сонымен қатар күйбелең тіршілік қамымен жүріп ата-аналарды жалғыз қалдырмай, бір сәт болсын көңіл аулауға үгіттейді. Іздегенде әркез жанынан табылуға, қартайған сәттерінде өмірдің бар бақыты балаларының жанында болуына мүмкіндік беру  керектігін ұғындырады.  Әке-шешенің жабырқау көңілдеріне қаяу мұң түсірмей, көрген бейнеттерінің зейнетін көрсету қажеттігін насихаттайды.

Соңғы жаңалықтар