ОҚО-да жас кәсіпкерлер клубы құрылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласындағы «Rixos Khadisha» қонақүйінде жас кәсіпкерлер клубының алғашқы отырысы өтті. Өңірдегі отызға жуық жас бизнесмендердің қатысуымен өткен басқосуда кәсіпкерліктің дамуы туралы пікір алмасып, креативті идеялар мен ұсыныстар айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

null

Мәселен, қатысушының бірі мемлекеттік мекемелер өздеріне қажетті затты тендер арқылы алатын кезде жергілікті жерде шығып жатқан өнімдерге басымдық беруін және сол өнімдердің түр-түсі сипатталған реестр жасақталса деген ұсынысын айтса, енді бірі Мемлекет басшысының аргоөнеркәсіп саласында шағын фермерлерді бір кооперативке біріктіру тапсырмасы біздер үшін зор мүмкіндік екенін алға тартты. Осы кооперативке бірігу арқылы кәсібін дамыту үшін төменгі пайызбен несие алуға қол жеткізіп отырғандарын жеткізді. Жас бизнесмендермен болған кездесуге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысып, клубтың ашылуы мүшелерінің бизнес-бастамаларын іске асырудағы мүмкіндіктерін кеңейте түсетінін атап өтті.

null

«Облыс экономикасын дамыту - баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әрбір азамат мұндай жұмыстарды шағын істерден бастауы қажет. Мәселен, үй алдындағы бақшаңызды көркейтіп, дамытуға болады. Қуантарлығы сол, өңірімізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Ендігі қадам, осынау кәсіп иелері бірігіп, жұмыс істемей тұрған ескі зауыттарды қалпына келтіріп, сол жерде бизнесті одан ары қарай дамыту болмақ. Сонымен қатар, Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізу, тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын соған сай көтеру Сіздер секілді жастардың қолында. Елбасы шағын және орта кәсіптің дамуына көптеген мүмкіндіктер мен жағдайлар жасап отыр. Соны дұрыс пайдалана біліңіздер», - деді әкім.

null

Сонымен қатар, әкім алдағы уақытта жас кәсіпкерлерді шет елдерге тәжірибе алмасу мақсатында іс-сапармен жіберу қажеттігін де айтты. Ал, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров клубтың еркін тақырыпта бизнес-диалог орнатып, тиімді жағдайлар жасау мақсатында құрылғанын тілге тиек етті.

null

«Бүгінде жас кәсіпкерлер клубының құрамында 40 жасқа дейінгі 30 жас кәсіпкер бар. Кәсібін ашамын деген әрбір азаматқа ай сайын ұйымдастырылатын клуб отырысының есігі, әрдайым, ашық»,- деді Әбубәкіров.

null

Клуб отырысына бизнестері жемісті дамып, іскер атанған азаматтар да қатысып, жас әріптестеріне оны дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті. Айта кетейік, бүгінде оңтүстік өңірінде жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 173 362 болса, оның 14 618-і шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар болып отыр.

null 

Соңғы жаңалықтар