ОҚО-да «Таблиғи жамағат» ұйымының 7 мүшесі діни насихат жүргізгені үшін сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Таблиғи жамағат» ұйымының 7 мүшесі діни насихат жүргізгені үшін сотталды. Сайрам аудандық соты елімізде тиым салынған діни ағымның мүшелерін түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Сайрам аудандық сотының судьясы Салтанат Қабылова бір жарым сағат көлемінде үкім оқып, топтың жетекшісі мен оның көмекшісін 4 жылға бас бостандығын айырып, олар жазаларын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Бұған дейін кепіл түріндегі бұлтартпау шарасымен жүрген айыпталушылар сот залынан қамауға алынды. Қалған бес адамның қолына да бүгін кісен салынып, олар бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазаларын қоныс колониясында өтейтін болды. Айта кетейік, бүгін сотталған топ мүшелері 2000 жылдардан бері теріс ағымның жетегінде жүрген.

«Топ жетекшісі мен оның көмекшісі «Таблиғи жамағат» ағымын терең біліп, оқу үшін Үндістан мен Пәкістанға барған. Кейіннен теріс ағымның орталығы саналатын Бангладеш мемлекетінде 4 ай көлемінде білімін шыңдапты. Қала берді көрші Қырғызстан еліндегі жамағат мүшелерімен байланыс орнатып, тәжірибе жинақтаған. Сол жақтан тиым салынған әдебиеттер әкеліп, Сайрам ауданында үгіт-насихат жүргізген. Қарабұлақ, Қарасу ауылдарындағы намазханалар мен мешіттерге жиналған халыққа теріс ағымды уағыздаған. Кейіннен белгілі бір топ, яғни жамағат құрып, үйлерінде де насихат жүргізген»,-деді судья С.Қабылова.

Екеуіне қатысты Астана қалалық Сарыарқа аудандық соты осы қызметі үшін тиісті жаза тағайындаған. Соған қарамастан сотталған топ жетекшісі мен көмекшісі ағымдағы қызметтерін тоқтатпапты. Керісінше өзге облыстарға шығып, ол жақтан келген жамағатты шақырып, насихат шараларын тоқтатпаған. Сот алдында жауап берген топтың бес мүшесі де «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметіне елімізде тиым салынғанына қарамастан, белсенділік танытқан. Уағыздарын тыңдауға қатысып, кітаптарын таратумен айналысып жүріпті. Бірақ өткен жылдың қараша айында еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті топ мүшелерін қолға түсірді. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабымен іс қозғалып, тергеу жүргізілді. Қылмыстық әрекеттері толығымен дәлелденіп, іс желтоқсан айында Сайрам аудандық сотына өткен еді.

1 3 4 5 6 

Соңғы жаңалықтар