ОҚО-да су арналарын тазалау жұмыстары қарқын алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Оңтүстік Қазақстан облысында су арналарын тазалау жұмыстары қарқын алды. Өңірге арнайы іс-сапармен келген еліміздің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев Мақтаарал ауданында атқарылып жатқан осы жұмыстардың барысымен танысты. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 740 миллион теңге бөлініп отыр. Ал, құрылыс жұмыстарына жалпы саны 38 техника жұмылдырылып, күніне 300 метр коллектор тазалануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Еске салсақ, аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев Мақтаарал ауданына жасаған сапарында иесіз қалған су арналарын мемлекет меншігіне яғни, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді, оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай, бүгінде облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Мақтаарал ауданында жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 51 коллекторды тазалау жұмыстарын бастады. Тазалау жұмыстары алдағы бір айдың ішінде аяқталуы тиіс. Жалпы, Мақтаарал ауданында колекторлық жүйелердің ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Соның 400 шақырымы 15-20 жылдан бері тазаланбай, қамыс басып кеткен болатын. Ағын су жіберу қабілеттелігінен айырылған коллекторлар толығымен тазаланса, өңірде ағын су тапшылығы едәуір азаяды деп отыр мамандар. Сондай-ақ, су арналарын тазартумен қатар, онда ағатын суды таза сумен араластырып, насостар арқылы қайта пайдалану қарастырылып отыр. Ол үшін 30 насос сатып алынған. Тік дренаждардан ағатын судың құрамын анықтап, оларды қайта пайдалану қарастырылып отыр. Бұл шара жазғы судан жыл сайын тапшылық көретін мақтааралдықтар үшін тиімді болмақ. Ал экскаваторларға қиындық туғызатын үлкен коллекторлар жүйесін тазалау үшін «Ватер-мастер» деп аталатын техниканы Қарағанды облысындағы Қ.Сәтбаев каналын қазып жатқан жерінен арнайы алдыртыпты. Техниканың тиімділігі сол - 4-5 экскаватордың жұмысын бір өзі атқара алады.

«Бұл техниканың шеберлері де қарағандылықтар. Осының арқасында күніне 300 метрдей жер тазаланып жатыр. Біздің мақсатымыз - 2017 жылы Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторлар жүйесін тазалап шығу», - дейді ҚР Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

null

Айта кетейік, ауданда 300-ге жуық тік дренаж Қазсушардың теңгерімінде болса, бүгінде соның 260-ы жұмыс істеп тұр. 40 шақтысы биыл қайта жөндеуден өтіп, іске қосылмақ. Сондай-ақ, 212 тік дренаж Ислам даму банкі арқылы жөндеуден өткізіліп, ПУИД-2 жобасы бойынша 149 тік дренаж жұмысын бастайтын болады.

Сондай-ақ, биыл өңірдегі 37 шақырымдық 12 су нысандарына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. «Еуропалық қайта құру және даму банкінің» қаржыландыруымен Шардара ауданындағы Жаушықұм алқабын суландыру ісі де қолға алынып жатыр. Жоба толығымен іске асса, Шардара ауданында қосымша 10 мың гектар суармалы жерді айналымға қосуға мүмкіндік туады.
Мамандардың сөзінше, бұл жұмыстар аяқталса, облыстағы 3005 гектар суармалы жердің жағдайы едәуір жақсара түсетін болады. Одан бөлек, 1000 гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылмақ.

Соңғы жаңалықтар