ОҚО-да «ONTUSTIK өнімдері-2017» көрме-жәрмеңкесі өтуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкенттегі «Көрме» орталығында «ONTUSTIK өнімдері-2017» көрме-жәрмеңкесі басталды. Оңтүстік Қазақстанның тауар өндірушілерін қолдау және оларды халыққа кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан шарада күнгейде өндірілетін тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, құрылыс саласына қатысты 200-ден астам тауар өндіруші қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік өңірде тұрмысқа қажет өнімнің 500-ден астам түрі шығарылады. Екі күнге ұласатын көрме-жәрмеңкеге тауарлардың 250-ге жуық түрі қойылған.

«Бұл көрмеге қатысып отырған себебіміз, медициналық жабдықтарды халыққа көрсету болып отыр. Және өзіміздің аурухана, емханаларға құрал-жабдықтарымызды көрсетіп, олармен тығыз қарым-қатынас орнату. Бүгінгі күннің өзінде бізбен байланыс жасап, тауарларымызға тапсырыс түсіп жатыр»,-дейді  «Қазмедприбор» ЖШС-нің инженері Қасым Қаташов.

 Шарада оңтүстіктің тауар өндірушілері тек өз тауарларын ұсынып қана қоймай, шараға келушілерімен бос орындар туралы ақпаратпен бөлісіп, қызығушылық танытқандармен әңгімелесті. Бұл аймақтағы жұмыссыздар мен оқуды жаңа бітірген түлектерге өңірдегі компаниялармен танысып, өздеріне тұрақты жұмыс орындарын табуға зор мүмкіндік болды. Сондай-ақ, аталған шара барысында «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік байқау өткізілуде. Онда «Халық үшін үздік тауар», «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» және «Үздік азық-түліктік тауар» номинациялары бойынша үздіктер анықталады. Сарапшылар   тауардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін ескеретін болады.

Сонымен қатар, «Халықтың таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызды стартап» атағымен ең үздік компаниялар анықталады. Жеңімпаздарға  Астанада өткізілетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысуға жолдама беріліп, қатысушыларға сыйлықтар табысталады.

1 2 3 4 5 6 

Соңғы жаңалықтар