ОҚО-да Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында  «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыру туралы» жиын өтті. 

Отырысқа ҚР Ұлттық экономика министрлігі бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаментінің директоры Нұрым Аязбаев, «Қазақстандық мемлекеттік жекешелік әріптестік орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Ғалымбек Мамраев, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» АҚ-ның вице-президенті Айдос Көбетов және Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдіктерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 Жиынға төрағалық еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің тиімді тұстарына тоқталып өтті. 

    «Аталған механизм бюджет мүмкіншілігін ескере отырып, әлеуметтік маңызды нысандарды салу немесе пайдалану үшін қажетті қаржылық базаны қамтамасыз етудің баламалы құралдарының бірі болып табылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) механизмі  мемлекет пен бизнестің өзара пайдалы ынтымақтастығын арттырып, ұсынылатын қызметтер сапасын жақсартуға және қажетті инфрақұрылымдарды жаңғыртуға мүмкіндік береді», - деді Дархан Амангелдіұлы.

   ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «Қазақстандық мемлекеттік жекешелік әріптестік орталығы» АҚ-ның ұйытқы болуымен өткен жиында МЖӘ негізіндегі шағын жобалар бойынша байқау тәртібі мен құжаттарын ықшамдау, жобаға қатысу кезіндегі қарастыру мерзімін қысқарту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында жасалған келісім- шарттарды үлгі ретінде ала отырып оның іске асу барысының тәжірибесімен бөлісу (дене шынықтыру-сауықтыру, дәрігерлік амбулатория, студенттік жатақхана,  балабақша сынды нысандардың құрылысы мен іске қосылуы) талқыланды. Бастысы, әр облыста сараптама қызметінсіз іске асыруға болатын жобалар іріктеліп алынып, оны қалай жүзеге асыратыны, байқау құжаттары, жоба келісімдері түсіндірілді. Бұл тәсіл мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының іске асу мерзімін екі есеге қысқартып, тиімді нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізбек.

   «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» АҚ-ның вице-президенті А.Көбетовтің мәліметінше, осынау жоба аясында өңірлерде 350 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 42-нің келісім-шарты түзіліп үлгерген. Ал жалпы, МЖӘ аясында елімізде жалпы құны 1 триллион теңгеден астам қаржы болатын жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

    Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда 2017 жылы жергілікті деңгейдегі 40 жобаны жүзеге асыру көзделсе, оның 6-уының бүгінде әлеуетті жекешелік әріптесі анықталған. Аталған жобалардың дені балабақша, емхана, спорт кешендері сынды әлеуметтік нысандар. Мемлекеттік-жекешелік әріптестігі жобаларын жүзеге асыру бойынша қазіргі кезде ОҚО республикада алғашқы жетілікке кірсе, алдағы жылы алғашқы бестікке енуді көздеп отыр.

    Айта кету керек, мұндай танымдық семинарлар бұған дейін республиканың Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Павлодар, Талдықорған қалаларында ұйымдастырылды. 

Соңғы жаңалықтар