ОҚО-да 4 аудан мен 1 қала сел қаупі бар аймақта орналасқан

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында  Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов пен оның орынбасары өңірдегі селден қауіпті учаскелеріне әуеден шолу зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының сөзінше, қазіргі таңда облыстың сел басу қаупі бар аумағында 4 аудан және 1 қала орналасқан. Сондай-ақ, Ақсу, Бадам, Сайрам су, Балдыберек, Өгем, Жабағылы су өзендерінің алабы да селден қауіпті деп саналады. Бұл мәселені облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тікелей бақылауға алған.

 Айта кететін жағдай, өткен  жылы қауіпті учаскелерді анықтау мен  табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды алдын алу мақсатында облыстық бюджеттен қаржы қаралған болатын. Осы жұмыстардың арқасында жедел түрде шаралар қабылдау үшін 11 рет әуеден шолу жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Департамент басшылары облыс аумағында қауіпті кезең мамыр айының соңында бастау алатындығын ескеріп, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы Қаржантау және Майдантал таулы жоталарының қар қорын шолып шықты. Таудан бастау алатын су, сел қауіпті бассейіндік өзендердің жағдайымен танысты. Зерттеу барысында жалпы таулы аймақтарындағы 42 мұздық көлдерден сел қаупі анықталған жоқ.

Өңірдің төтенше жағдайлар қызметі сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып отыр. Селмен байланысты болуы мүмкін төтенше жағдайларды алдын алу үшін қауіпті учаскелерде 102 ескерту тақтайшаларын орнатты. Ал, «Қазселденқорғау» Оңтүстік Қазақстан аймақтық техникалық-пайдалану басқармасының мамандары облыс аумағында 69 сел қаупі бар учаскелерді анықтап, оны төмендету мақсатында күнделікті гидрометеорологиялық жағдайға мониторинг жасауда. Сонымен бірге облыс аумағында сел ағыны жағдайын бақылауға алу үшін облыстың өзен бойларындағы қауіпті учаскелерінде 165 рет зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жұртшылықты құлақтандырып, сел тасқыны туындау кезеңінде олардың іс-қимылдарын қалыптастыру үшін үгіт-насихат жүмыстары да қолға алынып отыр. Ауылдық округтер әкімдеріне, ұйымдардың, оқу орындарының басшыларына, жеке тұрғын үйлердің иелеріне, сел тасқыны әсер ететін аймақта орналасқан шаруашылық нысандар мен  мекемелерге хабарламалық нұсқаулықтар, жаднамалар таратылуда.

Соңғы жаңалықтар