ОҚО: Арыс өзенінде жаңадан салынған көпірдің екі жанын су шайып кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Арыс өзенінде жаңадан салынған көпірдің екі жанын су шайып, қауіпті жағдай туғызған. «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» дәлізі бойында орналасқан өткелдің жағдайы қауіпті болуына байланысты өңірдің төтенше жағдайлар қызметі көліктердің жолын жауып, ауылдың ішімен жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар қызметі департаментінің бастығы Нұрболат Дербісовтің сөзінше, кеше түс ауа Шымкенттен 40 шақырым қашықтықта, Қажымұқан ауылының тұсындағы Арыс өзенінің  су деңгейі шамадан тыс көтеріліп, жанындағы жақтаушаларын ағызып кеткен.

Қауіпті жағдай Жамбыл облысынан келетін Боролдай өзенінің деңгейі 40 сантиметрге дейін көтеріліп, Арыс өзеніне көп мөлшерде су  жіберілуінен туындаған.  Көпірдің жақтаулары бұзылған соң, Арысқа жіберілген судың  деңгейі төмендетілді. Ал,құзырлы орган өкілдері мен төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы көпірді жауып, көліктерді басқа жолмен жүргізу туралы шешім қабылдады.

Қазір маңызды жолдың көлік жүргізушілері Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылымен жүруде. Нұрболат Дербісов сондай-ақ бұл көпірдің әлі күнге дейін қабылданбағанын айтады. Соған қарамастан өткелден өтетін көліктер легі осы күнге дейін толастамаған. Ал, көпір маңында қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін суды толықтай тоқтату қажет екен.  Суды тоқтату жұмыстарына 18 адам мен 7 техника жұмылдырылды. 

Соңғы жаңалықтар