ОҚО: Анасы өлімші етіп сабаған баланың жағдайы әлі де ауыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында анасы өлімші етіп ұрған баланың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайрам аудандық ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, 6 жасар Мұратжан Бекбаевтың жағдайы өте ауыр. Денесінің сау тамтығы қалмаған. Миына зақым келіп, сүйектері сынған. Терісі тырналып, қанталап кеткен.

«Алты жасар бала ауруханаға түнгі екіде, өте ауыр жағдайда түсті. Диагнозын анықтау барысында миы шайқалғаны белгілі болды. Оның үстіне, бүйрегіне де зақым келген, үшінші дәрежелі травматикалық шок алған. Барлық жерінен қан кетіп, денесі мұздап қалған. Көп қан жоғалтқандықтан,  екі рет қан құйылды. Жасанды тыныс алу аппаратына қосқан болатынбыз. Дегенмен, тиісті емдік шаралардың арқасында баланың беті бері қарап, есін жиды. Өздігінен тыныс ала бастады. Бірақ жағдайы әлі де тұрақты ауыр күйінде қалып отыр. Облыстан мамандар шақыртып, нейрохирургтер тексерді. Олардың сөзінше, ота туралы айту әлі ерте. Себебі миын толыққанды тексермей, ешқандай әрекет жасауға болмайды. Ал оны түсіретін бұл ауылда арнайы аппарат жоқ. Тасымалдауға баланың жағдайы көтермейді»,- дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Эркин Сарманов.

Дәрігерлер балаға әлі ұзақ уақыт ем қабылдау қажеттігін айтады. Ал баласын өлімші етіп сабаған келіншек жалғызбасты екені анықталды. Осы күнге дейін тұрмысқа шықпаған. Туыстарының сөзінше, Мұратжан биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған. Ол әпкесі екеуі нағашыларының қолында тәрбиеленеді. Қалада жұмыссыз жүрген келіншек перзенттерін асырай алмағандықтан,  ауылдағы ағасы мен жеңгесінің қолына тапсырған.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан төрт күн бұрын ауыр соққыдан комаға түскен бала Сайрам аудандық ауруханасына жеткізілген болатын. Кейіннен полицейлер алты жасар баланы өлімші етіп сабаған анасын қамауға алды. Тергеу барысында 36 жастағы келіншек ұлын дәптерге дұрыс жазбағаны үшін ұрғанын айтқан. Қазіргі таңда  оның үстінен Қылмыстық кодекстің 103-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.  

Соңғы жаңалықтар