ОҚО әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Наурыз Қазығұрттан басталады» мерекесінде өңірдегі зиялы қауым өкілдері және ардагерлердің басын қосып, арнайы жиын өткізді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел ішіндегі түрлі оқиғалардың себеп салдарын талқылаған аймақ басшысы ел ағаларымен олқылықтарды болдырмаудың жолдарын ақылдасты. Жиынға төрағалық еткен өңір басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымыздағы қылмыс саны халық санына шаққанда 0,3 пайызбен республикада ең соңғы 16 - орында екенін айтты. Сондай-ақ ол болашақта осы көрсеткішті төмендету бағытында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты. жеткізді.

«Бүкіл Қазақстанның халқы 18 миллион болса, осынша халық кейбір дамыған мемлекеттердің бір ғана қаласында өмір сүреді. Олар мәдениетті тәп-тәуір, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Ал, біз кейде ұланғайыр атырапқа сыймай жатамыз. Олай болмайды. Ынтымақпен, бауырмалдықпен, татулықпен ғұмыр кешуіміз керек. Сонда ғана өркендеген елдерді қуып жетеміз. Бізде де бір ел, бір басшы бар. Ендеше елде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе отырып мемлекеттік бағдарламаларды орындау жолында аянбай еңбек етейік», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыс әкімінің сөзін қуаттаған зиялылар қоғамда бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің әлсіреп бара жатқанын жасырмады. Ел ағалары ынтымақ пен береке болмаған жерге құт қонбайтынын атап өтті.

«Күнделікті күйбің тіршілікпен арпалысып жүріп қазіргі ата аналар бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан осындай жағымсыз жағдайлар болып жатыр. Ел арасында көрші тұрып, бір-бірімен соттасып жатқандар да бар. Енді бұл мәселелерде әрбір ауылдағы ардагер ағалар, ауыл билері мен зиялы қауым өкілдерінің атқаратын жұмысы орасан болмақ. Істеп те жүр, бірақ әлі де жеткіліксіз. Сіздер өз ауылдарыңызда осындай жағдайларды болдырмау мақсатында бірігіп, жастарға ақыл айтып, тоқтау салып отырсаңыздар», - деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.

Жиын соңында аймақ басшысы «Зорлық-зомбылықсыз - Оңтүстік» акциясын бастауды жөн санайтынын айтты. Осы акция аясында барша аудан, қала әкімдіктеріне зорлық-зомбылықтың, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Аға буын, зиялы қауым өкілдерін де осы бастамаға қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар