ОҚО: 3 жасар бүлдіршін жас акробаттар мен иллюзионистер сайысында бас жүлде алды
Ерасыл әлі еркін сөйлей алмаса да, қимылы ширақ. Асқан ептілік пен шеберлікті қажет ететін цирк өнеріне деген қызығушылығы жоғары. Ал, бүлдіршінді циркке баулып жүрген Бауыржан Бақбергеннің айтуынша, бүгінде ауыл балаларының арасында таланттар көп.
«Үйірме ашқаныма қазір үш жылдай болды. Сол жылдағы көрсетіп жатқан нәтижеміз өте жақсы. Енді кішкене ауыл болған соң дайындалатын жер болмады. Қазір салынып жатыр. Егер сол бітсе, одан да жақсарады деген сенімдеміз», - дейді Бауыржан Бекберген.
Байқауға Сайрам ауданынан келген 5 жасар Шершод Муратжанов та қатысты. Ол да акробатика бойынша сынға түсті. Айтып өтейік, тасада жүрген таланттарды танытуды көздеген сайыс биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқауды ұйымдастырушыларының айтуынша, жыл өткен сайын оның деңгейі артып келеді. Оған дәлел, былтыр бұл сайысқа жеті команда қатысса, биыл олардың қатары оннан асқан. Қатысушылар арасында тек акробатика өнерін меңгергендер ғана емес, иллюзия жанрында да өнер көрсететіндер бар.
«Мақсатымыз - цирк өнерін меңгерген жастарды тарту. Өзіміздің циркті өзіміздің мамандармен жасақтау. Өнерлі өлкеміз ғой. Оңтүстік-Цирк мекемесіне жас дарындар топтастырып, оларға қолдау көрсету, келешекте кәсіби маман ретінде шыңдауға жол ашу болып табылады»,-дейді «Оңтүстік цирк» МКҚК-ның директоры Арман Әлиев.
Сайыс қортындысымен жүлдегерлер "Ең үздік нөмір", "Экстремалды нөмір", "Ең жас қатысушы", "Көрермен көзайымы" номинациялар бойынша да марапатталды.