Нығматулин: Стандарттау жүйесін қолжетімді ету үшін «делдалдың» қажеті жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Стандарттау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады. Онда халық қалаулылары заң жобасының 14-бабына назар аударып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Стандарттау туралы» ҚР заң жобасының бірінші оқылымында Қазақстанда стандарттау бойынша барлық мәселелерді реттеп отыратын Ұлттық органды құруды ұсынған болатын.

Бұл ұсынысқа қатысты депутаттар тарапынан делдалдардың саны өсіп, ол стандартқа қолжетімділік қызметінің қымбаттауына жол ашуы мүмкін деген қауіп айтылды. Сондай-ақ, заң жобасында стандарттау туралы Ұлттық органмен келісімшарт жасасу үшін заңды және жеке тұлғаларға қойылатын талаптар нақты көрсетілмеген.

Мәжіліс төрағасы аталған бапты қалыптастыруды, жүргізуді және сүйемелдеуді ұлттық стандарттау органы жүргізетін нормативтік техикалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорына назар аудару керектігін еске салды.

«Аталған ақпараттық жүйені жалпыға ортақ қолжетімді етуге не кедергі болып отыр? Әрине, стандарттау институты одан түскен қаржымен ақпараттық жүйені жүргізу бойынша шығындарын жабатыны түсінікті. Алайда, оны тарату үшін арада делдалдың болуы қандай қажеттіліктен туып отыр? Оның үстіне заң жобасында оларды таңдау бойынша, қызмет құны бойынша, тіпті, ақпараттардың шынайылығына жауапкершілік турасынан ешқандай өлшем, талап белгіленбеген», - дейді Нұрлан Нығматулин.

Заң жобасының үкіметтік нұсқасында бұл норма «делдал үшін» пайда табатын орынның ашатынын айтқан Мәжіліс төрағасы жұмыс тобы екінші оқылымға дейін осы бапты қарап, маңыздылығына қатысты нақты шешім қабылдауы керектігін түсіндірді.

Айта кетейік, заң жобасының негізгі мақсаты - субъектілердің және олардың стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру процесіндегі қатынастарының жиынтығы ретінде ұлттық стандарттау жүйесін қалыптастыру. Онда стандарттаудың мақсаттары, қағидаттары, стандарттау субъектілерінің құзыреті мен олардың өзара іс-қимыл рәсімдері нақты айқындалған. Талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар