Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге: Қазақстан екіжақты және ЕАЭО аясындағы байланыстарды кеңейтуге ниетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Ресей Федерациясының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Владимир Путинді Ресей Федерациясының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.  

Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы айқын жеңіс Владимир Путиннің өз елін дамытуға және оның ұлттық мүдделерін ілгерілету ісіне қосқан зор үлесін Ресей халқының тағы да жоғары бағалағанының дәлелі болып саналатынын атап өтті.  

«Сіздің тиімді басшылығыңыздың арқасында Ресей ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, жаһандық және өңірлік өзекті проблемаларды шешу арқылы сенімді түрде алға басып келеді.   

Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын мысалы болып отырған дәстүрлі достық пен тату көршілік қатынастарды дамыту ісіне қосқан Сіздің жеке үлесіңізді ерекше атап өткім келеді.

Қазақстан екі ел халықтарының мүддесі үшін Ресеймен екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да байланыстарды кеңейту ісін жалғастыруды көздеп отыр.   

Мен сенім мен өзара түсіністікке негізделген достығымызды қадірлеймін әрі оны жоғары бағалаймын.

Біздің бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта да көпқырлы ынтымақтастығымыздың барлық мәселелері бойынша Астана мен Мәскеудің табысты диалогының берік негізі болып қала беретініне сенімдімін», - делінген жеделхатта.  

Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге зор денсаулық, амандық және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал достас Ресей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.       

Еске салайық, жексенбі, 18 наурыз күні Ресей Федерациясында президенттік сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, РФ іс басындағы президенті Владимир Путин президент сайлауында алда келеді. Учаскелік сайлау комиссияларының қорытынды хаттамаларының 90% өңделіп, сайлаушылардың 76,41% Владимир Путинге дауыс бергендігі мәлім болып отыр. 

 

Соңғы жаңалықтар