Нұрмахан Тінәлиев ел біріншілігінде ұтылып қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионатында  Нұрмахан Тінәлиев жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Шымкентте грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты басталды. Наурыз айының 1-не дейін созылатын бәсекеге еліміздің 14 облысы мен 2 қаласынан 600-ге жуық спортшы қатысуда. Жарысты бірінші болып, грек-рим күресінің балуандары бастады. Алайда, екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан Нұмахан Тінәлиев алғашқы күні жеңіліс тапты.

Жақында грек-рим және еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкерлері ауысқан болатын. Грек-рим күресіне елімізге белгілі бапкер Нұрым Дүйсенов келсе, еркін күрес балуандарын Әсет Серікбаев жаттықтырады. Қос бапкер де осы Қазақстан чемпионатынан кейін үздіктерді іріктеп алып, ел намысын қорғайтын ұлттық құраманы жасақтайды.

Жарыстың алғашқы күні грек-рим күресінің балуандары 59, 71, 75, 98, 130 келі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Ең жеңіл салмақта, яғни, 59 келіде ақтөбелік Мейрамбек Айнақұловтың мерейі үстем болды. Мейрамбек алтын медаль үшін болған белдесуде қызылордалық Айдос Сұлтанғалиді 4:1 есебімен жеңді. Қола медаль жамбылдық Жансерік Сәрсенбиев пен Ақмола облысының намысын қорғаған Дамир Зарлыхановқа бұйырды. 2016 жылы Таразда өткен Қазақстан чемпионатымен салыстырғанда 59 келі салмақта айтарлықтай өзгерістер бар. Мәселен, былтыр ел чемпионатында осы салмақта жамбылдық Дастан Өскенбеков топ жарған. Былтыр жеңімпаз бен жүлдегер атанған балуандардың ішінен биыл Жансерік Сәрсенбиев жүлде алды. Жамбылдық балуан Тараздағы тартыста қола медальға ие болған-ды.

71 келі салмақта барлығы 21 балуан белдесті. Бұл салмақтың алтын медальдан бірден-бір үміткер ретінде Алматы облысынан келген Демеу Жадыраевтың аты жиі аталып еді. Алайда, Демеу  финалдық бәсекеде сүрініп, күміс медальды қанағат тұтты. Демеудің осал тұсын тапқан - Әбунасыр Өмірзақ. Жамбылдық балуан былтырғы Қазақстан чемпионатында күміс медальді місе тұтып еді. Бұл жолы күмісін алтынға айырбастап, ел чемпионы атанды.

75 келі салмақта кілең тәжірибелі балуандар бас қосты. Талай халықаралық жарыстарда ел қоржынына жүлде салған Айбек Еңсеханов, Дархан Баяхметов, Мақсат Ережепов сынды балуандар осы салмақта екені баршамызға белгілі. Сонымен қатар, былтыр жастар арасында әлем чемпионы атанған Тамерлан Шадукаев та 75 келі салмақта күш сынасуды ұйғарыпты. Жас балуанның ересектер арасындағы алғашқы талпынысы жаман емес. Өзінен әлдеқайда тәжірибелі балуандарды тізе бүктірген Тамерлан финалда Мақсат Ережеповке ғана есе жіберді. Дархан Баяхметов, Айбек Еңсеханов сынды жігіттер Қазақстан чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

98 келіде күрескен балуандардың арасынан оңтүстікқазақстандық Әлімхан Сыздықов оқ бойы озық шықты. Финалда ол Алматы облысынан келген Жасұлан Сыдықовтан басым түсті. Бұл салмақтағы қола медальдар Қарағандының қос балуаны - Ерұлан Ысқақов пен Еркін Шайкеновке бұйырды.

130 келі салмақта Нұрмахан Тынәлиевтің топ жаратынына жанкүйерлер сенімді еді. Бірақ, барлығы біз ойлағандай болмады. Финалда Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Дамир Күзенбаев Нұрмаханды 4:0 есебімен ұтып, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды. Дамир былтырғы чемпионатта да қарсылас шыдатпап еді. Бірақ, ол кезде Нұрмахан жарысқа қатыспаған-ды.

Ертең грек-рим күресінде тағы 3 салмақта (66, 80, 85) жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Сондай-ақ, бойжеткендер де 4 салмақ (48, 58, 60, 69) бойынша сайысқа түседі.

Күрес түрлерінен өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының 1-ші күнгі нәтижелері:

Грек-рим күресі:

59 кг

1. Мейрамбек Айнақұлов (Ақтөбе обл.);

2. Айдос Сұлтанғали (Қызылорда обл.);

3. Жансерік Сәрсенбиев (Жамбыл обл.);

3. Дамир Зарлыханов (Ақмол обл.);

71 кг

1. Әбунасыр Өмірзақ (Жамбыл обл.);

2. Демеу Жадыраев (Алматы обл.);

3. Айдос Мұқан (Қызылорда обл);

3. Магомед Чухалов (ОҚО);

75 кг

1.Мақсат Ережепов (Атырау обл.);

2.Тамерлан Шадукаев (Қостанай обл.);

3.Дархан Баяхметов (ШҚО);

3.Айбек Еңсеханов (ШҚО);

98 кг

1. Әлімхан Сыздықов (ОҚО);

2. Жасұлан Сыдықов (Алматы обл.);

3. Еркін Шайкенов (Қарағанды обл.);

3. Ерұлан Ысқақов (Қарағанды обл.);

130 кг

1. Дамир Күзенбаев (ОҚО);

2. Нұрмахан Тінәлиев (Алматы обл.);

3. Мансур Шадукаев (Қостанай обл.);

3. Талғат Жиентаев (Қостанай обл.);

Соңғы жаңалықтар