«Нұрлы жердің» коттедждері кімге бұйырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына жауапты шенеуніктер аталған құжаттың тағы бір маңызды тұсын ашып берді. Енді, әлеуметтік баспана «жас отбасы», «мемлекеттік қызметкер» және тағы басқа санатқа қарай таратылмайды. Жаңа бағдарлама бойынша нақты екі санат болады. Ол - төлеу мүмкіншілігі бар және төлеу мүмкіншілігі жоқ азаматтар. Ал оған кімдер жатады? Қандай баспананы алуға мүмкіндігі бар? Жер телімдері қашан беріледі және дайын коттедждерге кім кіре алады? ҚазАқпарат тілшісі осы сауалдардың төңірегінде ой өрбітіп көрді.

Жыл сайын 3 мың арендалық баспана беріледі

Алдымен төлеу мүмкіншілігі жоқ азаматтарға жасалатын жағдайлардан бастайық. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясына осы санатқа жататындар үшін арендалық баспана салу жоспарланып отыр. Үкімет құрылысқа қажетті алғашқы қаражатты да жергілікті атқарушы органдарға таратып берді. Сондықтан ағымдағы жылдың аяғына дейін әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар үшін арендалық тұрғын үйлер берілуі әбден мүмкін. Алайда ол баспананың саны көп емес. «Биылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында арендалық үй салуға 25 миллиард теңге жергілікті атқарушы органдарға бөлінді. 1,5 миллиард теңгеден әрбір өңірге таратылды. Ол ақшаға әр облыста 180 пәтер салынады. Барлығы 3 мың арендалық пәтер тұрғызылады. Бұл - жалға берілетін, бірақ сатылмайтын үйлер. Кімге беріледі? Алдымен бірінші санаттағы мүгедектер мен жетімдерге беріледі. Сосын несие ала алмайтын, қаржысы жетпейтін азаматтарға беріледі. Ал ақшасы барлар несие алса болады», - дейді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетов.

Комитет есебіне сәйкес, бір жылда 3 мың арендалық пәтер салынса, 15 жылда 40 мың арендалық баспананы пайдалануға беруге болады. Ол үйлердің орташа ауданы 50-60 шаршы метр болады. «Биыл құрылыс жұмыстары басталуы тиіс. Себебі біз тиісті қаржыны бөліп бердік», - деп атап көрсетті Марxабат Жайымбетұлы.

Төлеу мүмкіншілігі жоқтарға ілікпей қалғандар не істейді?

Әрине, ақша жинауға тура келеді. Ол ақшаны жинап болған соң, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы әлеуметтік баспананы, тіпті коттеджді сатып алуға жағдай жасалады. Иә, кәдімгідей коттедж. Оның үстіне бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында пәтер алатындар үшін алғашқы жарнаның көлемі 50 пайыздан 30 пайызға төмендетілді. Болашақта оны 15 пайызға дейін түсіру мәселесі қаралып жатыр.

Ал коттедждер облыс орталықтарында салынады. Ондай баспананы кезекте тұрған азаматтарға тарату жоспарланған. «Енді қараңыз, қазақтың үйінде бала көп қой. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда бес-алты баласы барлар жетерлік. Солардың барлығын кезекке қойып қояды. Алайда бәріне береді деген әңгіме жоқ қой. Сондықтан біз облыс орталықтарында коттедж қалашықтарын салуды пилоттық режимде іске асырып көргенді жөн көрдік. Қалған өңірлерде, қала, аудан, моноқалаларда (кезекте тұрған бір отбасының бірнеше мүшесіне - авт.) бере берсін. Ал облыс орталықтары «ауылға» айналып кетпес үшін біркелкі коттедждердің болғаны дұрыс деп шештік. Ол жерде бірыңғай стиль, бірыңғай дизайн болады. Осындай талап қойып отырмыз. Алдағы екі жылда бұл бастаманы сынақтан өткізіп көреміз», - дейді құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы комитетінің басшысы Жайымбетов.

Оның айтуынша, аталған пилоттық жобаны ағымдағы жылы Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және тағы бірқатар облыстарда іске асыру жоспарланған. Бүгінде коттедждердің типтік жобасы бекітілді. Мердігерлер ондай үйлерді салғанда бір шаршы метрдің бағасын 120 мың теңгеден асырмауы тиіс. Соның арқасында аталған баспана халыққа қолжетімді болады.

Костанайда 300-ге жуық коттедж беріледі

Қостанай облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында коттедж қалашықтарын салу жұмыстары басталып кетті. Облыс әкімі Арxимед Мұxамбетовтің айтуынша, осы саладағы шаралар жалғаса береді. «Қазірдің өзінде біз «Северный» шағын ауданында (Қостанай қаласына жақын Заречный кентінде - авт.) үйлерді салуға кірістік. Биыл 270 үйді бітіруге тырысамыз. Екі мердігер бар. Ол үйлерді салу меxанизмі де оңай. Оған сәйкес, мердігерлер жеке үйлерді өз ақшасына салады. Артынан өз шығындарын Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі арқылы қайтарып алады. Себебі бүгінде аталған банкте біраз адамдардың салымдары жиналды. 30 мыңдай адам кезекте тұр. Ақша да аз емес. Олар үйді алғаннан кейін айына орташа есеппен 40-70 мың теңгедей төлейтін болады. Төлемнің мөлшері үйдің шаршы метріне байланысты», - деді Мұxамбетов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Әкімнің айтуынша, жеке тұрғын үйлер жаңа теxнология бойынша салынып жатыр. Соның аясында бір үйді екі жарым айдың ішінде тұрғызуға мүмкіндік бар. Үйлердің ауданы 70 шаршы метрден басталып, 110 шаршы метрге дейін барады. Осылайша, банк салымшылары өздеріне ыңғайлы үйді таңдай алады.

Алдағы уақытта Рудный, Қостанай қалалары және Қостанай ауданындағы тұрғын-үй құрылысына ерекше басымдық беріледі. Себебі аталған үш аймақта xалықтың 50 проценттен астамы тұрады.

Осы орайда айта кеткен жөн, облыс орталықтарының бірыңғай дизайнын сақтау мақсатында коттедж қалашықтары салынса, жергілікті жерде жер телімдері берілетін болады. Биылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл сайын 80 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Соның 30-40 миллиард теңгесі инфрақұрылым желілерін тартуға жұмсалмақшы. Соның арқасында жыл сайын 40 мың адамға жер учаскесін беруге мүмкіндік бар. Осылайша, 15 жылдың ішінде 600 мыңнан астам адам жеке өз үйін тұрғыза алады деген болжам бар. Жалпы, қазіргі жер кезегінде 1 миллион 300 мың адам тұр.

Соңғы жаңалықтар