«Нұрлы жер» бағдарламасы: Бір жылда 101 мыңға жуық адам баспаналы болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бір жыл бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырыла бастады. Осы уақыт аралығында 11,2 млн шаршы метр немесе 100 мың 812 баспана пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне сілтеме жасап.

Елбасы ұсынған бағдарлама бойынша салынған баспананың 72 мың 904-і көпқабатты болса, қалған 27 мың 908-і - жеке үйлер. Өңірлер арасында баспананы қолданысқа беру бойынша 42,4 пайыз көрсеткішпен - Батыс Қазақстан, 36,2 пайызбен - Оңтүстік Қазақстан және 35,6 пайызбен Қостанай облыстары алда келеді.

«Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өңірлерде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін жалпы аумағы 288 мың шаршы метр тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Бұл - шамамен 5376 пәтер. Өткен жылдың 12 айында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына 2620 баспана берілген. Жоспар бойынша аталған жұмыстар 2019 жылға дейін аяқталады. Бұл ретте, республикалық бюджеттен  25 млрд теңге бөлініп отыр», - делінген ҚР ИДМ хабарламасында.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға, жеке тұрғын үй салынып жатқан аумаққа инженерлік коммуникация тарту шаралары да атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта 70,3 мың учаскеде желі тарту жұмыстары жүруде. Бағдарламаның үшінші бағыты аясында, яғни кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша елімізде 16 мың 217 пәтер қолданысқа берілген.

Сонымен бірге, жеке құрылыс салушыларды ынталандыру үшін екінші деңгейлі банктер 2017-2018 жылдар аралығында 152 млрд теңге займ береді. Бұл сомаға жеке құрылыс салушылар 600 мың шаршы метр тұрғын үй сала алады.

«Ипотекалық несие берудің қолжетімділігін жоғарылату мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 120 млрд теңгеге 8 мың займ беру жоспарланған. 2017 жылы  13,4 млрд теңге сомасына 1,3 мың займ берілген. Ал биылғы мақсат - 106,6 млрд теңгеге 6,7 мың займ беру», - деп түсіндірді министрлік.

2018 жылы аталған бағдарлама аясында тағы 100 мың пәтерді пайдалануға беру көзделген.

Соңғы жаңалықтар