Нұрлан Нығматулин: Үкіметтік емес стандарттар әділетсіз бәсекені тудырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі үкіметтік емес стандарттар әділетсіз бәсекеге негіз болып отыр. 

Бұл туралы жалпы отырыста «Стандарттау туралы» заң жобасын депутаттармен талқылау барысында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Парламентшілер үкіметтік емес стандарттардың бәсекеге қабілеттілікті төмендетуі тұрғысында қауіп туындатуы мүмкін деген мәселені көтерді. Яғни, белгілі бір кәсіпкерлер коммерциялық емес ұйымдарға бірігіп, ортақ стандарттарын бекітіп алуы мүмкін. Депутаттардың пікірінше, бұл жағдай әділ бәсекені шектеп, жемқорлықты туындатуы ықтимал.

«Мемлекеттік сатып алу туралы айтып өтсем... Қаржы вице-министрі жаңа маңызды тұсты айтпай кетті. Мемлекеттік сатып алу туралы заңда бақылауға алынбаған үкіметтік емес стандарттар туралы ештеңе айтылмаған. Сіздер - Қаржы министрлігі ноу-хау жасап, ережелерді енгіздіңіздер. Бүгінгі таңда тәжірибе көрсетіп отырғандай, ешкімнің бақылауында жоқ үкіметтік емес стандарттар мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде қолданылып жатыр. Бекітілген осындай мемлекеттік стандарттармен адал деуге келмейтін тапсырыс берушілер конкурс құжаттарын белгілі бір жеткізушілердің пайдасына шешіп беруі мүмкін», - деді Мәжіліс Төрағасы Қаржы министрлігінің өкіліне.

Нығматулиннің айтуынша, кейбір жеткізушілерге осылайша тең құқықсыз басымдық беріледі.

«Меніңше, осы тәжірибені тоқтату керек. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне, сонымен бірге квазимемлекеттік секторда, тендерлер мемлекет белгілеген стандарт бойынша жүргізілуі керек», - дейді ол.

Сонымен бірге, Парламент Мәжілісінің депутаты Үкімет мүшелеріне қарата «үкіметтік емес» стандарттарды мемлекеттік сатып алу жүйесінен алып тастауды ұсынды.

«Сол кезде ғана әділ бәсеке болады. Ал қазір біз үкіметтік емес стандарттар адал емес жеткізушілердің мүддесіне қарай жасалатынын көріп отырмыз. Ал бұл тәртіпсіздік», - дейді Нұрлан Нығматулин.

Еске сала кетсек бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Стандарттау туралы» ҚР заң жобасын таныстырған болатын. Заң жобасының негізгі мақсаты субъектілердің және олардың стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру процесіндегі қатынастарының жиынтығы ретінде ұлттық стандарттау жүйесін қалыптастыру болып табылады. Онда стандарттаудың мақсаттары, қағидаттары, стандарттау субъектілерінің құзыреті мен олардың өзара іс-қимыл рәсімдері нақты айқындалған. Талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар