Назарбаев бейнеленген купюра теңгенің құндылығын арттыра түседі - Жұрынов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың ойынша, Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа мерейтойлық купюра ұлттық валютамыздың құндылығын күшейте түседі, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты банкнотқа бейнелеген дұрыс. Себебі көптеген мемлекеттердің өз дамуына ерен еңбек сіңірген басшыларын елдің ақшасында бейнелеу әлемдік тәжірибеде бар. Ол - дәстүрлі нәрсе. Сондықтан ондай адамдардың суретін ұлттық валютаға басады. Сондықтан біздің теңгеміздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыздың суретінің басылғаны ол теңгеміздің құндылығын одан да арттыра түседі. Ақшамыздың беріктігінің бір кепілі болмақ. Осыған орай, барша отандастарымызды осы жаңалықпен құттықтағым келіп отыр. Ұлттық валютамыз Тәуелсіздікпен бірге мәңгі жасасын. Мәңгілік ел болайық", - дейді академик М.Жұрынов.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен "Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта" тақырыбындағы конференция аясында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10 000 теңгелік банкнотты таныстырды. Ал қолма-қол ақша басқармасының бастығы Тоғжан Әбішева жаңа купюраның нақты таралым санын айтып берді.

Соңғы жаңалықтар