Нью-Йоркте қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк көпшілік кітапханасында (АҚШ) қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды.

«Қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы АҚШ-тың кітапсүйер қауымына қазақ халқының әдеп-ғұрыптары мен өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін, оның экономика, саясат және әлеуметтік саладағы қол жеткізген нәтижелерін насихаттауға деген тамаша мүмкіндік»,-деп хабарлады ҚР Академиялық кітапханасының құжаттарды өңдеу қызметінің жетекшісі Нұрбала Текесбаев өзінің Facebook парақшасында.  

ҚР Академиялық кітапханасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, АҚШ-тың Нью-Йорк көпшілік кітапханасына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен 200-ден астам басылым салтанатты түрде табыс етілді. 

Орталықта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары, сондай-ақ Елбасының қызметі, оның халықаралық саяси аренадағы рөлі туралы, тарихи, ғылыми-танымдық және көркем әдебиеттер бар. Барлығы 200 кітап көрермен назарына ұсынылған.

Жақын және алыс шетелдерден қазақстандық әдебиеттер орталықтарын ашу жобасы кітапханалардың халықаралық деңгейдегі ықпалдастығының шешуші бөлігі саналады. Аталған жоба мемлекеттердің, халықтар мен кітапханалардың кітаптар арқылы байланысының өзіндік көпірі іспеттес.

Қазақстандық әдебиет орталығы ҚР Мәдениет және спорт және ҚР Сыртқы істер министрліктері мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшігінің қолдауымен ашылды.

Айта кетейік, Нью-Йорк көпшілік кітапханасы - әлемдегі ең ірі ғылыми кітапхананың бірі болып саналады. Конгресс кітапханасы мен Британ кітапханасынан кейінгі үшінші кітапхана. 1895 жылы құрылған кітапхана қорында 54 миллионнан астам жарияланым бар және жылына 18 миллион оқырманға қызмет етіледі.

Қазақстан тарапынан орталыққа қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі Қазақстан тарихын, салтын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, табиғатын насихаттайтын қазақ ақындары мен жазушыларының тарихи және танымал ғылыми әдебиеттері, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы және оның еңбектері кітапханаға сыйға тартылды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жаңа кітабы «Тәуелсіздік дәуірі»  де оқырмандарға таныстырылды.

Бұл Тәуелсіздіктің 26 жылындағы ішкі және сыртқы әрі маңызды тарихи шешімдер қабылдау қағидаларын көрсете отырып, егемен мемлекеттің құрылу кезеңінің сипаттамаларын көрсететін тарихи басылым болып саналады. Бұдан бөлек оқырмандар Н.Назарбаевтың әлемдік саяси аренадағы рөлі, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен оның қазіргі дамуы және негізгі бағыттары туралы кітаптармен таныса алады.

Соңғы жаңалықтар