Мұнай баррелі 40 долларға құлдыраса, ел бюджеті 180 млрд теңгеден қағылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мұнай баррелі 40 долларға құлдыраса, Қазақстан бюджеті 180 млрд. теңгеден қағылады. Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дағдарыс құбылыстарының арқасында өзіміздің қаржылық және бюджеттік жүйеміздің мығымдығын бірнеше мәрте сынадық. Жұмыс істеуді әрі қол астында түрлі сценарийлерді ұстап отыруды үйрендік. Әрине, мұнай бағасы төмендеген жағдайға да арналған сценарий қолымызда. Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп сәйкесінше есеп-қисап жасадық. Мұнай барелі 45, 40, тіпті 30 доллар болса да сценарийіміз бар», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның дерегінше, егер орташа жылдық мұнай бағасы барреліне 45 доллар деңгейінде қалыптасса, онда еліміздің мемлекеттік бюджеті шамамен 90 млрд, ал 40 доллар болса 180 млрд теңгеден қағылады.

«Дегенмен бұл көрсеткіш әзірше есеп-қисап түрінде ғана. Жалпы, қарсы әрекет ету шараларымыз да бар. Мәселен, орташа жылдық баға 45 доллар болса, онда біз бюджет секвестрінсіз (бюджет шығысының бекітілген шекті лимитін заңнамада белгіленген тәртіппен белгілі бір шекте үйлесімді түрде қысқарту) өте аламыз. Мәселен, Үкімет резервін пайдаланбаймыз.  Сонымен қатар тоқтата тұруға болатын бірқатар ірі бағдарлама да бар. Мұндай бағдарламалар тізімі қолымызда бар және республикалық бюджеттің 44 пайызын құрайтын бюджеттік салаға, әсіресе әлеуметтік секторға ауыртпалық  салмастан жүзеге асырыла алады», - деді Сұлтанов. 

Соңғы жаңалықтар