Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарының ісі бойынша тараптардың жарыссөзі 23 мамырда өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мартбек Кәкімжанов сот тергеуінің аяқталғанын хабарлады. Тараптардың жарыссөзі ағымдағы жылдың 23 мамырына белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетелік, «БТА банк ісі» бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-ші сәуірінде басталды және ол ашық жағдайда өтуде. Сотталушылар орындығында сырттай сотталатын М. Әбілязовтен бөлек оның үш сыбайласы - «БТА банкінің» басқарма төрағасының экс-бірінші орынбасары - несие беру комитетінің төрағасы Жақсылық Жарымбетов, несиелеу бойынша экс-директор Қайрат Садықов және «БТА банкінің» бұрынғы басқарма төрағасы Садуақас Мәмеш отыр. Олардың барлығы аса ірі көлемдегі БТА банктің ақшасын ұрлады деп айыпталуда. Мұхтар Әблязовке Қылмыстық Кодекстің 6 бабы бойынша: қылмыстық қауымдастық құрды және оған басшылық етті, БТА банктің ақшасын жымқырды және оны заңдастырды, банктің қаражатын заңсыз пайдаланды және өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айыптар тағылуда.

Сот отырысы басты айыпталушы Мұхтар Әблязовтің қатысуынсыз өтіп жатыр. Экс-банкир 2009 жылдан қашып жүр, ол қазіргі кезде Францияда тұрады. Ал сотта қашқын банкирдің мүддесін мемлекет тағайындаған қорғаушы Анжела Әжіғұлова қорғауда. Алғашқы сот отырысында-ақ сотталушылар мен қорғаушылардың ешқайсысы қылмыстық істі бас фигуранттың қатысуынсыз қарауға қарсылық білдірген жоқ.

Келтірілген шығынның жалпы көлемі 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады. Банктен ұрланған қаражат халықтың зейнетақы салымдары, Қазақстан азаматтарының жеке салымдары және шетелдік қаржы институттарының қарыз ақшасы.

Ұрланған куәгерлер

Айта кетелік, сотқа түсінік берген куәгерлердің сөзінен байқалғандай, БТА банкте басшылық құрылымдарда жұмыс істеген қызметкерлерге Әблязовтің сенімді өкілдерінің тарапынан үнемі қауіп төнген. Әблязовтің маңайындағы адамдар тергеуден жасыру мақсатымен БТА банктің қызметкерлерін ұрлап, шетел асырған. Алайда, кейбір қызметкерлер өз еріктерімен Қазақстанға оралды. Көбінесе олар Бішкек, Мәскеу және Киев қалаларын паналаған.

Белгілі бір кезеңде Әблязов қашқындарға ақшалай көмек берген, сондай-ақ қорғаушылармен қамтамасыз етіп, тұрақты түрде нұсқау беріп отырған. Бірақ Әблязовтың қолдауы тоқтаған кезде БТА банк қызметкерлерінің көпшілігі Қазақстанға қайтып оралып, тергеу органдарына жәрдем берді. Олар сотта БТА банктегі ақша ұрлаудың қылмыстық кестесі туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

Барлық куәгерлер соттағы жауабында М. Әблязовтің арнайы нұсқауымен құрылған №6 корпоративтік бизнес басқармасының қызметі туралы ашық әңгімеледі. Өйткені банктің осы бөлімшесі Британ Виргин және Сейшель аралдарында тіркелген резидент емес компаниялардың құжаттарын дайындаған. Сайып келгенде, аталған оффшорлық компаниялардың жетекшілерінің атынан БТА банкке көп миллиардтаған несиелерге өтінім берілгені мәлім болды.

Атап айтарлығы, несие комитетінің қызметкерлері аталған компаниялардың кімге бағынатынын жақсы білген. Сол себептен келген өтінімдерді жедел мақұлдап отырған. Бұған қоса, «бір күндік» компаниялардың несиелік тарихы, кепілге қоятын мүлкі, қандай да бір саладағы жұмыс тәжірибесі болмаған. Алайда соған қарамастан несие комитетінің мүшелері барлық өтінімдерді мақұлдайды. Бұған қатты таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені несие комитеті мен №6 корпоративтік бизнес басқармасы тікелей Мұхтар Әблязовтің бақылауында болған.

Ұшақтардың құпиясы

Мұхтар Әблязов жалғанды жалпағынан басып өмір сүргенді қалаған. Әрине, бұл ешкімге құпия емес. Оның Америка мен Еуропадағы аса қымбат үйлерінің суреттерімен ешкімді таң қалдырмайтынымыз анық. Алайда сотта оның құны аса қымбат ұшақтарды сатып алғаны әшкереленді.

Алғашқы сот отырыстарының бірінде айыптаушы тарап Әблязовтің жекеменшік ұшақ сатып алуына қатысты бірнеше қылмыстық кестені жариялаған еді. Әрине, әуе кемелерін ол БТА банктің ақшасына сатып алғаны белгілі. Бұған қоса, ұшақтар оқиғасына жұрттың назарын аудара түскен жайттың бірі, Әблязов өзі сатып алған ұшақтарын жалға беріпті.

Толығырақ айтсақ, 2005 жылы БТА банк қарыз ақша беру деген желеумен шетелде тіркелген «Сирия Альянс ЛТД» оффшорлық компаниясына бірнеше траншпен 10,6 млрд. теңге аударады. Бұл ақша арнайы құрылған DCM компаниясының көмегімен аударылады. DCM арқылы үш ұщақ сатып алынады, ал 2006 жылы «Сирия Альянс ЛТД»  оларды Әблязовтің басқа бір жалған компаниясы - «Экселлент Глайд»-тің иелігіне береді. Соңғы компания өз кезегінде ұшу рейстерін жүзеге асыруға БТА банкпен келісім жасайды. Яғни, сатып алынған ұшақтар  «Сирия Альянс ЛТД»-ға берілген несиені қамтамасыз етудің рөлін атқарады.

2007 жылы БТА банк әуе компаниясына тасымалдау қызметі үшін 923 млн.теңгеге жуық ақша аударады, ал 2008 жылы - 1,1 млрд. теңге аударады. 2009 жылдың басында БТА банк  «Сирия Альянс ЛТД»-ға берілген қарызды қамтамасыз ету мақсатында ұшақтардың орнына соя бұршағын қабылдап алады.

Грузия мен Мәскеудегі былық-шылықтар

Аталған қылмыстық істегі ең ірі бөлімдердің бірі - Әблязовтің Грузия мен Ресей Федерациясындағы қаржы құйтырқұлықтары. Екі оқиғада да жер телімдерін сатып алу және жылжымайтын мүлік құрылысын жүргізу деген желеумен көп миллиардтаған несие беріледі. Алайда, қыруар қаражат бөлінсе де, ешқандай нысандар салынбаған және қарыз ақша банкке қайтарылмаған.

Таң қалдырарлығы сол, Әблязов пен оның сыбайластары бір ғана қылмыстық кесте арқылы БТА банктен 12 млрд-қа жуық теңгені жымқырғаны мәлім болды. Бұл бір ғана оқиға. Бұл жерде Сейшель аралдарында тіркелген «Римос Лимитед» компаниясы туралы әңгіме болып отыр. М. Әблязов Мәскеудегі Домодедово ауданынан жер сатып алынады деген желеумен аталған компанияға заңсыз жолмен несие береді. Тізбектей беретін болсақ, мұндай мысалдар өте көп. Олардың әрқайсысы бойынша ондаған миллиард теңгелер шетелдік шоттарға аударылып отырған.

Атап айтарлығы, осылайша БТА банк Сейшель аралдарында тіркелген алты оффшорлық компанияға қарыз ақша берген: олар «Starwood Contract Limited», «Winterra Holding», «Netgold Servises LTD», «Rimos LTD», «Toros LTD», «Higbond Associates LTD» компаниялары. 2009 жылы аталған компаниялар өзінің қауқарсыздығы туралы хабарлама таратып, алған несиелерін Люксембургте тіркелген басқа компанияларға аударады. Алайда ол компаниялар да өздерінің міндеттемелерін орындамайды.

Сонымен қатар, М. Әблязов Грузияда тек жер телімдеріне ғана емес, телекоммуникациялық компаниялардың үлесіне де қызығушылық танытады. Сөйтіп, оларды сатып алуға БТА банктен бірнеше миллиардтаған ақша бөлінеді. Бұл қарыз да, басқа қарыздар сияқты банкке қайтарылмайды. Жалпы алғанда, бұл қылмыстық кестенің көмегімен банктен 20 млн. АҚШ долларынан астам ақша ұрланады.

Грузияда Әблязов бес жобаға ерекше қызығушылы танытады. Ең ірісі - 78,7 млн. доллар қаражат бөлінген жоба. Tbilisi central plaza B.V. компаниясына жер учаскелері мен алаңдарды сатып алу үшін осыншама қаражат бөлінген. Жалпы алғанда грузиндік кестесінің көмегімен Мұхтар Әблязов шамамен 300 млн. АҚШ долларын ұрлаған.

Сөз соңы...

Сотта келтірілген дәлелдер мен қорғаушылардың ұстанымдарына қарағанда, сотталушылардың жазадан жалтара алмайтыны байқалып тұр. Қорғаушылар сотталушыларды қорғаудың орнына көбінесе бір-бірімен сөз таластырумен әлектенуде. Әзірше өзінің кінәсін толық мойындаған Жақсылық Жарымбетов қана. Бәлкім, сот оның бұл әрекетін ескеріп, жазасын сәл жеңілдетуі мүмкін. Ал, сөз сайысы кезінде прокурорлар сотталушыларға жаза мерзімін сұрайды. Содан кейін сот түпкілікті шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне барады.   

 

Соңғы жаңалықтар