Мүгедек және он екі мүшесі сау балалар бір лагерьде тынығады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Алға ауданында «Күншуақ» лагері ашылады. ТМД аумағында теңдесі жоқ лагерьде мүгедек және он екі мүшесі сау балалар тең демалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы биыл «Бақытты бала» жылын жариялады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде аула клубтары салынып, балалардың ойын алаңы жаңартылады.  Жобаны іске асыруға Білім және ғылым министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ секілді халықаралық ұйымдар мен еліміздегі қайырымдылық қорлары қатысады. Ең маңыздысы -балалардың демалысы мен тынығуына, денсаулығын түзетуге арналған «Күншуақ» лагері. Мұнда мүгедек балалар мен денсаулығында еш кінәрат жоқ балалар тынығады.

«ТМД аумағында жоқ лагерь Италия мен Белоруссияда ашылған екен. Жоба бірегей болған соң Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева қызығушылық танытып, қолдау білдіріп отыр. Биыл маусымдық лагерь жұмыс істейді. Онда 6 маусым бойы 100 бала тынығады. Ал келер жылы лагерь үздіксіз жұмыс істейді. Еліміздің Білім және ғылым министрі де қолдады. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірінен де балалар келіп, спорттық-сауықтыру кешенінде демалады»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева. Жаңа лагерьге қажетті маман дайындауды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университі өз міндетіне алды. Ал мүгедек балалардың күтімін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медциналық университетінің студенттері қолға алады. Олар жазғы еңбек тәжірибелерін лагерьде өткізеді.

«Жобаны әзірлеу кезінде білікті мамандар жұмыс істеді. Ұстаздар, қоғамдық ұйым өкілдері де бір ай бойы еңбек етті»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. «Күншуақ» лагері үшін бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынады.

Айта кетейік, «Бақытты бала» жылы аясында 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Оның тең жартысы бюджеттен бөлінсе, өзгесі демеушілердің қаржысы.

Соңғы жаңалықтар