Министрліктен сертификат алып, жаңа көлік сатып ал

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Қарағандыда ескі көліктерді кәдеге асыратын зауыт ашылғалы бері 8 мың ескі көлігін жоюға өткізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескі көліктерді жою мақсатында сатып алу бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын.

Қазақстан автобизнесі қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, енді қазақстандықтар ескі көліктерін тиімді сата алатын болды.

Сонымен қатар, қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алу үшін жеңілдік сертификаты берілмек.

Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторының хабарлауынша, өткен жылы 8 мың автокөлік өткізіліп, жеңілдік сертификаттары табысталды. 5 мың сертификат пайдаланылып, 3 мың автокөлік сатып алынған.

«Көбінесе жеңіл көліктер сатып алынуда. Заңды тұлғалар да қызығушылық танытады деп үміттенеміз. Көлікті өткізгеннен кейін не болады? Өндіріс кезеңіне аккумуляторлар мен шиналар кетеді. Сосын жойылатын көліктерге брекет қойылады. Бұл зауыт 2017 жылы Қарағандыда ашылды. 6 желтоқсаннан бастап іске қосылды. Мұнымен жекеменшік компания айналысады», - деді «ӨКМ» операторы ЖШС сату бөлімінің жетекшісі Рысгүл Есдәулетова.

Статистика бойынша, көбінесе ВАЗ 2101 (07) маркасы жоюға өткізіліп жатыр. Ең көне көлік 1946 жылы шығарылған екен.

Бағдарлама аясында толық жинақталмаған көлік өткізген адамға 48 000 теңге көлемінде өтемақы төленеді. Толық өткізілген көлікке 150 000 теңге төленеді.

Сонымен қатар, ҚР Энергетика министрлігі отандық көліктерді сатып алуға арнайы жеңілдік сертификатын таратып жатыр.

Жеңіл көлік алатындарға 315 000 теңге, автобус алатындарға - 450 000 теңге, жүк көлігін алатындарға 650 мың теңге көлемінде жеңілдік беріледі.

Соңғы жаңалықтар