Министрлік транзиттік тасымалдан түсетін табыс көздерін жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш жылдан кейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдан түсетін табыстың көлемі 4 млрд. долларға жетуі тиіс. Үкіметтің алдында осындай міндет тұр. 

Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің транзиттік және көліктік логистиканы дамыту департаменті директорының орынбасары Серік Башимов аталған көрсеткішке жету жолдары жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қытай - Еуропа - Қытай бағытындағы теміржол қатынасы арқылы контейнерлік тасымалдан шамамен 1,5 млрд. доллар түседі деген болжам бар. Қытай - Иран - Ирак теміржолынан 400 млн., сондай-ақ Қытай - Кавказ - Ыстанбұл бағытындағы контейнерлік тасымалдан 400 млн. доллар түсуі тиіс", - дейді Башимов.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жолаушылардың транзиттік тасымалы да біраз пайда әкеліп отыр. Соңғы бес жылда аталған көрсеткіш төрт есеге өсті. 2012 жылы Қазақстан территориясы арқылы ұшып өтетін жолаушылардың саны 120 000 адам болса, 2016 жылда олардың саны 478 000 адамға артты. Ағымдағы жылдың соңында жолаушылардың транзиттік тасымалы 600 000 адамға жетеді деген болжам бар. Өткен жылы осы тасымалдан түскен табыстың көлемі 267 млрд. теңгені құраған.

"Бұдан бөлек, ақылы жолдарды енгізудің арқасында Қазақстан арқылы өтетін жүктерден де табыс түседі. Оның жалпы көлемі 18 млн. долларға дейін жетуі тиіс", - деп атап көрсетті Башимов. Брифинг кезінде ол "Астана - Теміртау", "Алматы - Қорғас" пен "Алматы - Қапшағай" тас жолдарында ақылы жүйені енгізу мерзімін дежариялады.

Айта кетейік, бүгінде Үкіметке Қазақстанның транзиттік әлеуетін көтеру бойынша үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Атап айтқанда, 2020 жылға дейін республика арқылы тасымалданатын жүк контейнерлерінің саны 2 млн. данаға, ал әуе кеңістігі арқылы ұшып өтетін транзиттік жолаушылардың саны 1,6 млн. адамға жетуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар