Министр Бозымбаев көмір тапшылығына жергілікті билікті кінәлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін ведомство басшысы Қанат Бозымбаев елімізде орын алған көмір тапшылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы Қазақстанда көмір тапшылығы болмаған. Өткен жылы өндірілген көмір көлемі 8,6 пайызға өсті. Тек осы коммуналдық көмірдің өзі 18 пайызға артты. Сондықтан көмір тапшылығы елімізде болған жоқ. Бірақ, кейбір өңірлерде, аудандарда коммуналдық көмірде тасымалдау, халыққа сатуда мәселелер туындады», - деген министр бұған әкімшіліктер жауапты екендігін баса айтты.

Дегенмен, оның дерегінше, қаңтар айында қатты аяз болуына байланысты шағын және орта кеніштердің көмір өндіретін гидравликалық жабдықтары істен шығып, 10 күндей жұмыс тұрып қалған.

«Бірақ, жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыстарын жасады. Қаңтар айында көмір өндіру 86 пайыз ғана болды. Бірақ, бүгінгі күні біз өткен жылғы деңгейге 100 пайыз шықтық. Мәселен, өңірде, аудан орталығында не ауылға көмір жетпесе онда тиісті әкімдіктерден «көмір қайда?» деп сұрау керек. Көмір Қазақстанда жеткілікті. Әкімдерден көмір керек деген хабар жетсе, кеншілер сол көмірді өндіріп, темір жол арқылы  қуана-қуана жібереді. Өйткені ол - бизнес, еш кедергі жоқ», - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар