Міндетті әлеуметтік сақтандыру отандық медицина сапасын арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі.

Денсаулық сақтау саласының жаңа тиімді жүйесін құру - бүгінгі күннің басты талабы. Халықтың басым көпшілігі мен жұмыс берушілердің денсаулыққа мән бермей, жауап­сыз қарауы, жүйенің қаржылық тұрақсыздығы мен көрсетілетін медициналық көмектің жеткілік­сіздігі осы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге әкелген басты себептердің бірі деп айтуымызға толық негіз бар.

Біріншіден, емделушілерді тартуға медицина ұйымдарының арасында бәсекелестіктің жоқтығы, екіншіден, дәрігердің тәжірибесіне, білімі мен біліктілігіне қарамай, еңбек өтілі тең болған жағдайда бірдей жалақы алуы, үшіншіден, әлеуметтік қамқоршылдықты сақтау және т.б. көптеген жағдайлар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде қаржыландыру тәсілдерін және медициналық көмекті ұйымдастыруды түбегейлі өзгертуді талап етеді.

Жаңа жүйені енгізу келесі артық­шылықтар береді.

- Біріншіден, медициналық көмекті Өзіңіздің таңдауыңыз бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен (бұдан әрі - ӘМСҚ) келісімшарт бекіткен кез келген емханадан ала аласыз. Бұл жағдайда барлық медициналық қызметтер спектрін көрсеткен емхана шығыстарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) жүйесі пакеті шеңберінде Қор толық жабады;
Екіншіден, Сіз ТМККБК (тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС пакет­терінің шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке қосымша төлемнің барлық түрінен босатыласыз;
Үшіншіден, фармацевтикалық қызмет жеткізушісі ретінде Қормен тіркелген, Сізге көрсетілген кез келген елдегі дәріханадан құрамы бойынша кеңейтілген және жақсартылған дәрі-дәрмек тізбегі толық қол жетімді болады;

Төртіншіден, ӘМСҚ-ға Сіздің пайдаңыз үшін аударылған жарналар және медициналық ұйымдардан Сіздің алған қызметтеріңіз туралы мәліметтерді ай сайын алуға мүмкіндік болады;
Бесіншіден, Қор МӘМС-ға қа­тысушы ретінде сапасыз қызмет көрсетілген немесе құқық бұзылған жағдайда сақтандырылған азаматтардың құқығы мен қызығушылықтарын қорғайды.

- Қазақстанда міндетті медици­налық сақтандыру үлгісін таңдау кезінде 50-ден аса елдің тәжірибесі қаралып, ескерілді. Қазіргі таңда әлемде денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың үш үлгісі бар - бюджеттік, сақтандыру және аралас. Бюджеттік үлгі Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция секілді елдерде бар.
Әлеуметтік қоғамдық сақтандыру Германия, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде, барлығы 30 елде және жекеменшік сақтандыру АҚШ-та қолданыста. Дегенмен, көп елдерде «бюджеттік» және «сақтандыру» үлгісі өз тиімділігін көрсеткендіктен аралас қолданылады.

Қазақстанда ең үздік әлемдік тәжірибелерді есепке ала отырып, медициналық сақтандырудың аралас үлгісі енгізіледі. Бұл - денсаулық сақтау саласындағы қаржылық тұрақтылықты, жоғары деңгейдегі сапалы және қол жетімді медицина қызметтерін, медициналық көмектің кең пакетін қамтамасыз етеді. Қазақстанда медициналық сақтандыру қорына алынатын жарна мөлшерлемесі басқа елдермен салыстырғанда тым төмен, яғни халыққа қолайлы жағдай жасалады.
Қазақстанда «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек саласы бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына (Парламентте енгізуде) сәйкес медициналық сақтандыру бө­лі­мінде келесі жарна және аударым мөлшерлемелерінің көлемдері қоса беріледі:
- жұмыс берушілердің аударымы: 1% - 2017 жылдың шілдесінен бастап;1,5% - 2018 жылдан, 2% - 2020 жылдан, 3% - 2022 жылдан бастап;
- жұмыскерлердің жарнасы: 1% - 2019 жылдан, 2% - 2020 жылдан бастап;
- ЖК, жекеменшік нотариустар, шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалар жарнасы табыс көлемінен 2017 жылдың шілдесінен бастап 2 МЖА-дан кемінде 5%;

- жұмыс күші құрамына кірмейтін тұлғалар жарнасының мөлшерлемесі (өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушы) - 2018 жылдың қаңтарынан бастап 1 МЖА-дан 5%;

- мемлекет халықтың әлеуметтік-қорғалмаған тобына 2018 жылдың қаңтарынан бастап 3,75%, 2019 жылдан 4%, 2022 жылдан 4,5%, 2025 жылдан 5% аударып отырады.

Бұл өзге елдермен салыстырғанда ең төменгі баға. Мәселен, Германияда жұмыс берушілердің жарнасы 7,3%, жұмыскерлердікі - 8,2% болса, бұл көрсеткіш Словакияда 10% және 4%, ал Литвада 3% және 6%.

Жалпы аталған бағыттағы өзгерістер отандық медицина саласын жаңа деңгейге шығарып, ел азаматтарына сапалы әрі тиімді медициналық көмек көрсетуге жол ашады.

 

Соңғы жаңалықтар