Мешіт қызметкерлері ақтөбеліктердің ынсапсыздығына кейіс білдірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеліктер орталық мешіт апарып берген киім-кешекті іріктеп, қажетін алған соң барлығын далаға шашып кеткен. Су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға арналған киімдерді аяғымен таптап жүргендердің ісін көрген мешіт қызметкерлері тұрғындардың жауапсыздығына реніш білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккендер Қурайлы, Сазды, Өрлеу, Қызылжар ауылдарында үй салып жатыр. «Нұр Ғасыр» орталық мешіті зардап шеккендерге арнап «Сен де үлес қос» акциясын өткізіп, киім-кешек, тұрмыстық заттарды жинаған. Қайырымдылық істің арты дауға айналды. Ақтөбеліктер мешіт апарған киімдерді далада іріктеп, аралап жүрген адамдардың суретін әлеуметтік желіге салып, тегін киімді алуға кеңес берген. Ал бұл сурет көпшіліктің талқысына түсіп, желі қолданушылары қайырымдылық істің белгілі бір мекенжайға апарылуы қажет екенін айтты. Бұл іс туралы «Нұр Ғасыр» орталық мешіті өз пікірін білдірді.

«Осыдан бір апта бұрын «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешіті «Сен де үлес қос» қайырымдылық акциясының аясында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетті. Атап айтқанда, Қызылжар ауылында тұратын бес отбасыға кілемдер мен төсеніштер, көрпе-жастықтар, киім-кешектер берілді. Мешітте қайырымдылыққа арналған заттарды жинақтайтын арнайы бөлме бар. Бұл жолы Қызылжардағы тұрғындардың келісімімен тиісті көмек сол ауылға жеткізілді. Сөмкелерді үйлердің біріне кіргізетіндей мүмкіндік болмады. Себебі, әрқайсысында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Бес үйдің өз жиһаздары аулада үйіліп тұр. Киімдердің ішінен әр отбасы өзіне қажеттісін қарап, іріктеп алды. Оның ішінде, жаңа киімдер де бар.  Бір-екі күн ішінде белгісіз біреулер сөмкелерді ашып, төңірекке шашып кеткен. Олар өздеріне қажетті киімдерді алған болуы ықтимал. Бір ғана жағымсыз сурет қоғамда мешіт пен дін қызметкерлері туралы теріс ой-пікірдің қалыптасуына себеп болып отыр», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі. 

Соңғы жаңалықтар