«Мен қазақпын» мега-жобасына қатысатын қарағандылықтар іріктелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандының Кеншілер мәдениет сарайында «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық жобасының іріктеу кезеңі өтті. Онда қатысушылар терме, күй және дәстүрлі ән айтудан бақ сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалар мен аудандардан 5 термеші, 16 күйші мен 15 дәстүрлі әнші өнер көрсетті.

Әділ қазылар құрамына ҚР еңбегі сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің концертмейстері Полатхан Тәшімов, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің жетекші солисі, республикалық конкурстардың лауреаты Дәуренбек Әркенов және танымал ақын, айтыскер Төлеген Әділов секілді көрнекті мәдениет қайраткерлері енді.



Шараны «Қазақстан» РТРК басшысы Ерлан Қарин тамашалады. Ол бүгінде «Мен қазақпын» мега-жобасына 428 үміткер қатысып, оның 40-ы жеңімпаз атанғанын атап өтті. «Қарағандыда өтіп жатқан іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанғандар халықаралық мега-жобаға жолдама алады. «Мен қазақпын» жобасы ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға бағытталған және осы жобаға қатысушыларға үлкен сахнаға жол ашады. Жобаның мақсаты - шалғай ауылдар мен түрлі аудандарда ұлттық өнерге берілген жандарды тауып, көпшілікке танымал ету, өнерге жол ашу» - деді Ерлан Қарин.


Сонымен, «Терме өнері» номинациясы бойынша Нұрмұхаммед Байсұғыров (Шахтинск қ.) жеңімпаз атанса, «Дәстүрлі әнші» номинациясында Әнуар Адамбаев (Абай қ.) жеңіске жетті, «Күйші» аталымында Балқан Смағұлов (Қарағанды қ.) үздік деп танылды. Бұл өнерпаздар республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

Айта кетейік, «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық жобасы елімізде алғаш рет өткізілуде. Жобаға еліміздің әр аймағы мен Ресей, ҚХР, Монғолия мен Алтайдан қатысушылар қатысады. Іріктеу кезеңі шілде айында аяқталып, қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирінен көрсетіле бастайды. Ақтық кезеңі Тәуелсіздік күні қарсаңында, желтоқсанда өтеді. Аталмыш жоба ұлттық музыканы насихаттауға және дамытуға, термені, күйді орындайтын жаңа таланттарды іздеуге бағытталған.

Жобаны ұйымдастырушылар - «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясы, Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасы.

 

Соңғы жаңалықтар