Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының жаңа базасы құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығында жоспарланған жобалар туралы ақпарат тарататын жаңа база құрылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы мемлекет пен бизнес арасындағы диалог» атты отырыста Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының вице-президенті Айдос Көбетов мәлімдеді.

«Бізде жоспарланған жобаларға қатысты жаңа база құрылады. Онда тұтас Қазақстан бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жоспарланған жобалары туралы ақпарат беріліп отырады. Бұл Қазақстандағы және шет елдердегі барлық инвесторға ыңғайлы болмақ», - деп, Айдос Көбетов шетелдік инвесторлар мен жергілікті инвесторларға қойылатын талаптардың бірдей екенін, заңнамада ешқандай артықшылық жоқ екенін атап өтті.

Сондай-ақ, МЖӘ орталығының вице-президенті Айдос Көбетов мемлекеттік-жекешелік серіктестік пен тендердің айырмашылығын түсіндіріп берді. 

«Мемлекеттік сатып алу кезінде қаражатты мемлекет төлейді. Конкурс жарияланып, тендерді ұтып алған жеке кәсіпкер нысанды бір жылда тұрғызып, мемлекетке тапсырады. Осы жерден жеке кәсіпкердің барлық міндеттері аяқталады. Әрі қарай салынған нысанның пайдаланылуы, салдарының қандай болары белгісіз. Тендер айналасында көптеген жағдайлар орын алып жатады, нысанды тұрғызған  компанияны іздеп таппай қалғандар бар. Ал мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің ерекшелігі сол, нысанды салған компания эксплуатацияға да қатысты бірқатар міндеттерді атқарады. Егер балабақшаны толығымен жеке кәсіпкерге берер болсақ, компания балабақшаны салып, мемлекет балансына өткізеді және әрі қарай балабақшаны эксплуатациялайды. Балаларды тәрбиелеу жұмысы, ғимаратқа қатысты мәселелермен айналысады. Сондай-ақ, тендерде мемлекет ақша салатын болса, мемлекеттік-жекешелік әріптестікте қаражатты кәсіпкер құяды. Оны мемлекет кейін қайтарып береді. Бұл жерде бюджетті жеңілдету процесі көзделген», - деді Айдос Көбетов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты өз Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әртүрлі нысанын белсенді қолдануға шақырды. Бүгінде жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 354 жобасы жоспарлаудың түрлі сатысында тұр. Оның 335-і - өңірлік жобалар. Соңғы бір жарым жылда 31,1 млрд теңгеге 43 жоба бойынша келісімшарт жасалған. Атап айтқанда, республика аумағында  21 балабақша, 7 сервистік-дайындау орталықтары, 6 спорт кешені, 5 медициналық мекеме, 2 тұрғын үй, 1 мектеп-интернат және 1 блок-модульдік қазандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәртібімен жұмыс істейді. МЖӘ бойынша белсенді өңірлер қатарында Қостанай, Ақтөбе, Алматы облыстары бар. 

Соңғы жаңалықтар