Мемлекеттік сот орындаушылар санын қысқартудан 1,8 млрд теңге үнемделді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сот орындаушылары санын қысқарту есебінен ел бюджеті 1,8 млрд  теңгеге үнемделді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысына арналған баспасөз мәслихатында Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылдан бастап мемлекеттік сот орындаушыларында мемлекеттің мүддесін қорғайтын құжаттар ғана қалды. Барлық басқа санаттар жеке орындаушылардың құзыретіне берілді. Бұл олардың құқықтары мен міндеттерін айтарлықтай кеңейтті.  Мысалы, оларға жеке тұлғалардың банктердегі шоттары туралы ақпаратты сұрату туралы өкілеттілік берілді. Көмекшілерге процессуалды іс-әрекеттер шығарумен байланысты емес функциялар бөлігі берілді. Сондай-ақ, Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының негізінде біліктілігін  мерзімді түрде арттыру талабы бекітілді»,-  деді ол.

Оның айтуынша, 2015 жылдың соңында елімізде шамамен 1 000 жеке сот орындаушысы  жұмыс істесе, қазір олардың жалпы саны 1 498 құрайды. Осы саладағы көмекшілер мен іс жүргізушілерді қоса есептегенде, шамамен 4 000 жұмыс орны ашылды. Институт енгізілгеннен кейін, жалпы  4 784 лицензия берілді.

«27-қадамның екінші бағытын іске асыру мақсатында 2016 жылы мемлекеттік сот орындаушылары 30 пайызға қысқартылды. Ағымдағы жылы да дәл сонша мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту көзделген. 2018 жылы 15 пайыз қысқарады. Нәтижесінде барлығы 303 мемлекеттік сот орындаушысы қалады.  Сол себепті жыл сайын бюджеттік қаражатты үнемдеу шамамен 1,8 млрд теңгені құрайды», - деді ол.

Ешмағамбетовтің дерегінше, аталған шараларды қабылдау жеке сот орындаушылары  өндірісіндегі құжаттар санының екі есе көбеюіне әкелді. 2015 жылы - 936 мың, 2016 жылы - 2 млн астам.  Орындалған құжаттардың саны ғана емес, сомасы да 249 мыңнан 588 мыңға дейін және 58 млрд теңгеден 96 млрд теңгеге дейін артты.

Соңғы жаңалықтар