Мемлекетіміздің тұрақтылығы ел дамуының негізгі факторы - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жамбыл облысына жасаған сапары өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесуімен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арай-Плаза» бизнес-орталығында өткен Елбасымен болған кездесуге Жамбыл облысындағы еңбек сіңірген ардагерлер, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, білім және ғылым саласының қызметкерлері, өнеркәсіптік кәсіпорындарының жұмысшылары, студент жастар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Жиында Қазақстан Президенті өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін айтып, индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламаларды тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

«Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы арқылы өңірде 53 жоба іске асырылды. Осы мақсатпен 158 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожолы салынды. Қаратау мен Жаңатас қалаларына едәуір қолдау көрсетілді. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің тұрақтылығы ел дамуының негізгі факторы болып саналатынын айтты.

«Мұның бәрі - барша қазақстандықтар бірлігінің, келісімі мен достығының, қоғамдағы тұрақтылықтың нәтижесі. Біздің бітімгер мемлекет атанғанымыз бекер емес. Сирияда даму жоқ. 600 мың адам босып кетті? Оған кім кінәлі? Сондықтан да мен үнемі тұрақтылық, тыныштық болған жерде ғана даму болады деп айтамын. Осы тұрақтылықтың арқасында біздегі барлық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сол үшін бізді көпшілігі бағалайды, құрметтейді», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы өңірде шешімін таппай тұрған бірқатар мәселелерге, атап айтқанда облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де толықтай ашылмағандығына және өнімді жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына назар аударды.

«Өңірдің әлеуметтік даму көрсеткіштері төмен. Жалпы, облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де толықтай ашылмай отыр. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін дамыту барысында 5 жобаны іске асыру көзделген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бір де бір жоба іске қосылмаған», - деп түйді Қазақстан Президенті. 

Соңғы жаңалықтар