Мектеп сөмкесінің салмағы нормаланбаған - Білім министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарының салмағына қойылатын талаптарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 тамызда №611 бұйрығымен бекітілген оқу басылымдарының гигиеналық нормаларында (гигиеналық нормативтер) бір оқу басылымының салмағына, оқу басылымын дайындау үшін қолданылатын материалға, оқу басылымының басылуы мен түптелуіне, басылымның мәтіндік ақпараттарының безендірілуіне талаптар айқындалған», - деп атап өтті министрлік редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство баспасөз қызметінің түсіндіруінше, гигиеналық нормативтер түзету білім беру ұйымдарында оқитын есту, сөйлеу және көру қабілеттері зақымдалған балаларға арналған оқу басылымдарында, сонымен қатар қосымша білім беруге арналған оқу басылымдарында қолданылмайды.

«Аталған гигиеналық нормативтерде мектеп сөмкесінің барынша рұқсат етілетін салмағы айқындалмаған. Соған сәйкес мектеп сөмкелерінің барынша рұқсат етілген салмақтың арту деректері ресми тіркелген жоқ», - деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, министрлік мемлекеттік білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен қамтамасыз етудің ережесіне (ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №91 бұйрығы) сәйкес 2018 жылдан бастап оқулықтың электронды нұсқасын қоса ұсынатын болады.

Соңғы жаңалықтар