Мәжіліс билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі заң жобасын мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы арнайы үндеуінде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында Президенттің заң деңгейінде бекітілген кейбір өкілеттіктерін қайта бөлу туралы тапсырма берген. Мемлекет басшысының өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы қайта бөлуге жататын өкілеттіктерді анықтады. Олар әлеуметтік-экономикалық салаларды реттейтін Президенттік өкілеттіктер. Әділет министрлігі өз кезегінде тиісті Конституциялық заңның жобасын әзірледі. Бұл жобаға сәйкес «Президент туралы», «Үкімет туралы» және «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдарға түзетулер ұсынылады. Атап айтқанда, Үкіметке Президенттің келесі өкілеттіктерін беру ұсынылады:

Республикалық бюджет комиссиясын құру және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындау; Президенттің келісімі бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесін айқындау»,-деп тоқталды ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев заң жобасы бойынша баяндамасында.  

Сонымен бірге, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бекіту бойынша Президенттің құқығын белгілеу ұсынылады. Ал, «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына енгізілетін өзгеріске сәйкес, судьяларға куәлікті беру тәртібін белгілеу Жоғары Сот Кеңесіне жүктелетін болады.

«Заң жобасы еліміздегі саяси реформалардың маңызды бөлігі болып табылады»,-деді М. Бекетаев.

Жұмыс тобы аясында заң жобасын талқылау кезінде Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері мен депутаттарының ұсыныстары қаралды. Осы орайда құқықтық олқылықтарды болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстанның басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заң техникасы бойынша редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.

Соңғы жаңалықтар