Мәйіттен ағзаны алу кезінде дәрігерлер заң талабын басшылыққа алады - ҚР ДСМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау ұйымы мәйіттен ағзаны немесе ағзаның бір бөлігін егер көз жұмған адам тірі кезінде ағзаны алуға келіспейтін мәлімдемесін жеткілікті рәсімдемеген жағдайда ала алады.

Яғни, тіндерді және ағзаларды  транспланттау және оларды алу барысында дәрігерлер  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 169-бабы 10 тармағына сәйкес әрекет етеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Егер ағзаларды немесе оның бөлігін алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде не оның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның тіндерін және  ағзаларын реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдемеген болса онда жол беріледі. Осындай заң тұжырымы Еуропаның көптеген елдерінде қолданыста. Басқаша айтқанда медицина мекемесінде өлген адамның миы жұмыс істеуін тоқтатқанда дәрігерлер оның ағзаларын алып соған мұқтаж науқасқа транспланттай алады», - деп атап өтілген министрліктің таратқан хабарламасында.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай , Ақтөбеде дәрігерлер қайтыс болған 22 жастағы жігіттің қос бүйрегін алып туған-туыстарының рұқсатынсыз өзге екі науқасқа салып берген.

Марқұмның туыстары бұл туралы тек  мәйітханада ғана  білген және прокуратура мен полицияға арызданған.

Қазақстанда донорлық ағзаларды транспланттау оталарын жасау жыл өткен сайын көбейе түсуде.

 Егер 2013 жылы  164 ота жасалса, 2016 жылы 306-ға артты.

Бүгінгі таңда елімізде 3,5 мың адам ағзаларды ауыстырып орналастыруды күтуде. Олардың басым бөлігі - 2 700 адамға бүйрек транспланттауы қажет.

500-ге жуық науқасқа - бауыр, 150 қазақстандыққа - жүрек, 4 адамға өкпе доноры керек.

Соңғы жаңалықтар