Мәскеуде жемқорлыққа қарсы наразылық акциясында 900-ден астам адам ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 26 наурыз күні Мәскеу қаласының орталығында өткен жемқорлыққа қарсы акция барысында полиция 900-ден астам адамды тұтқындады. Бұл туралы «ОВД-Инфо» белсенділері мәлім етті. 

Ал Мәскеу қалалық ІІБ 500-ден астам адамның ұсталғанын айтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК-ға сілтеме жасап.  

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Мәскеу орталығында оппозицияның жемқорлыққа қарсы күрес акциясына қатысқан 933 адамды тұтқындады. «ОВД-Инфо» сайты РФ астанасының түрлі аудандық Ішкі істер бөлімдеріне жеткізілген адамдардың тізімін ұсынды.

Онымен бір мезгілде, Ресей ІІМ Бас басқармасының ресми сайтында 500 адамның тұтқындалғаны туралы айтылған, ал Мәскеу қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және өңірлік қауіпсіздік департаментінің басшысы Владимир Черников «РИА Новости»-ге құқық қорғау органдары наразылық шарасына қатысқан 600-ден астам адамды ұстағанын айтқан.

26 наурыз - жексенбі күнге жоспарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы акцияны өткізуге Мәскеу билігі рұқсат бермеген. Алғашқыда Жемқорлыққа қарсы күрес қорының (ЖҚКҚ) құрылтайшысы Алексей Навальный митингті Тверь көшелерінде өткізуге өтінім берген. Мәскеу билігі өтінішті қанағаттандырмады және бірден баламалы жолдарды ұсынбаған.  

Билік акцияның келісілмегенін ресми түрде ескертіп, мәскеуліктерді оған қатыспауға үндеді. Соған қарамастан, сағат 14:00-де қала орталығында адамдар жинала бастап, журналистер алғашқы тұтқындалушылар туралы хабар тарата бастады. Наразылыққа қатысушылар РФ премьер-министрі Дмитрий Медведевке қатысты тергеу жүргізуді талап еткен. ЖҚКҚ үкімет басшысының жылжымайтын мүліктерді заңсыз иеленіп келгендігін әшкерелеген-мыс.

Ресми дерек бойынша, Мәскеу көшелеріне 8 мыңнан астам адам шыққан. Ал Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Мәскеуде акцияға қатысушылар саны 25-30 мың адам, ал жалпы ел бойынша 150 мыңға жуық болғанын айтуда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылық акциясы сол күні Ресейдің ондаған қаласында өтті. 

Соңғы жаңалықтар