Маңғыстаулық зергер ЭКСПО-ға дайындалуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық зергер Сағидолла Оразов елордада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындалуда. 

Шебер көрмеге Маңғыстаудың стилінде жасалған сақина, өңіржиек, алқа, сырға, білезік алып бармақ.  

Сағидолла Оразов мектеп оқып жүрген кезінен сурет өнеріне жақын болып өскен. Бос уақытында қолына карандашын алып, сурет салатын. Інісінің бойындағы суретке, зергерлік өнерге қажетті қасиеттерін байқаған ағасы мамандық таңдайтын уақытта ақылын айтып, кеңесін береді. Ағасы Түгелдің айтуымен Сағидолла Абай атындағы мемлекеттік университтеттің көркемсурет және қолданбалы өнер факультетіне құжат тапсырады. Тәжірибелі мамандардан дәріс алып, шеберлігін шыңдайды. Уақытының көбін шеберханада өткізіп,  ізденеді.


«Алғашқы дүниемді де Алматыда оқып жүрген кезімде жасадым. 1990-1992 жылдары күміс тапшы кездер ғой. Сақина жасадым. Жасаған сақинам ұнамай қалып, оны 10 рет өзгерттім. Бәрібір көңілімнен шықпады. Кейін бір апта отырып, тастармен көмкерілген тоспалы, әдемі білезік жасап шығардым. Ең алғашқы дүниелерім солар болғандықтан жаныма өте жақын. Жалпы арғы ата-бабаларымыз да ағаштан бесік жасап, түйін түйген. Зергерлік өнер сол кісілерден дарыған қасиет»,-дейді Сағидолла Оразов.


Шебер тапсырысқа қарағанда өз қиялынан туған дүниені жасағанды ұнатады. Зергерлердің аса көп жасайтыны-әйелдердің әшекей бұйымдары.

«Бір сақинаны көбінесе бір сағатта дайындаймын. Әр нәрсе сәтіне қарай жасалады. Бір күнде 5-6 адамның тапсырысын да жасап шығаратын уақыттар болады. Амалда, қазақтың жаңа жылы наурыз мерекесінің қарсаңында тапсырыстар көп түседі. Келін түсіру, қыз ұзату мерекелерінде де тапсырыстар көбейеді. Кейбір адамдар дайын сызба әкеліп жатады, алайда өз қиялынан туған дүние сәтті шығады. Мен өзгертіп ұсынған кездерімде тапсырыс берушілер де жақсы қабылдап жатады. Маңғыстау өңірінен бөлек, тапсырыс беруге Оңтүстік Қазақстан, Астана, Алматы, Орал облыстарынан да қонақтары да көп келеді», - дейді зергер.


Сағидолла Оразовтың қолынан шыққан дүниелер әр жылдары еліміздің бас қалаларында өткен көрмелерге қатысып, көпшіліктің жоғары бағасын алды. Ендігі арманы-Париждің төрінен қазақтың әдемі бұйымдарынан жасақталған көрме өткізу. Және облыс орталығынан арнайы зергерлік мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеу.

«Алдымен елордамыз Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысып, тәжірибие жинақтап алғым келеді. Халықаралық көрмеге жан-жақтан келетін қонақтар қазақтың салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрыпынан азғантай болса да түсінік болу үшін естелікке, сыйға зат сатып алады ғой. Сондықтан да көрмеге апаруға қолжетімді бағаға сатылатын сақина, білезік, алқа, өңіржиек жасап жатырмын. Жүзіктердің бағасы-10 мың теңгеден басталады», - деді маман.


Зергердің жетістіктеріне тоқталар болса, 2004 жылы ҮІІ-ші Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі аясында өткізілген облыстық байқауда «Сәндеме қолөнер» номинациясы бойынша 1-орынды иеленген. 2008 жылы «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінде «Фестивалдің жарық жұлдыздары» ерекше дипломымен марапатталған. 2011 жылы өткен «Үздік кәсіпкер» байқауында «Халықтық қолөнер саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, сол жылы «Каспий достық теңізі» фестивалінде «Ең үздік сәндік - қолданбалы қолөнері туындылары» сайысының «Халықтық дәстүрді сақтаған үздік туынды» номинациясы бойынша 1-орынды қанжығалаған. 2013 жылы 5-ші «Шебер-2013» Қазақстан қолөнершілері байқауының жеңімпазы.

Дереккөз: 7292info.kz сайты





Соңғы жаңалықтар