МӘМС - ең алдымен экономикалық реформа - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу - қорға түскен қаражатты медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін бағыттайтын, сондай-ақ медициналық қызметтің науқастарға қолжетімді болуы үшін бюджетті толтыратын экономикалық реформа. Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Абай Құралбекұлы Нұржанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан реформаның, МӘМС жүйесінің жұмысын, денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерді реттейтін заң күшіне еніп (2017 жылдың 30 маусымында қол қойылған), Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ел азаматтары жарналар аудара бастады. Жамбыл облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Абай Нұржанов МӘМС жүйесі еі алдымен экономикалық реформа деп санайды.

«Мен денсаулық сақтау саласында 30 жылдан астам жұмыс жасап, Кеңес үкіметінен бастап Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған кезеңіне ейінгі денсаулық саласында болып жатқан реформаларға қатысып келемін. Басталып отырған бұл жүйе - өте уақытылы қолға алынып,  болашақта өз жемісін беретін, денсаулық  сақтау саласының дамуы үшін өте қажет жүйе.

Бұл жүйе біріншіден, экономикалық реформа. Өйткені, медициналық сақтандыру қорына түскен қаражат медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін, сондай-ақ медициналық қызметтің науқастарға қолжетімді болуы үшін бюджетті толтыруы керек. Заманауи жабдықтар сатып алу үшін, жоғарғы әдістемелік технологиялар енгізу үшін, жаңа ғимараттар тұрғызу үшін бәріне жеткілікті қаражат құю қажет. Медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, жүйесіз жасалып жүрген істерді жолға салады.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласының дамуына бүкіл қоғам болып атсалысуымыз керек. Сондықтан, мемлекет, жұмыс берушілер, жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер өз салымдарын қосуы қажет. Сонда ғана керекті қаражат жиналып, бастаған ісіміз жүзеге асады деп ойлаймын.

Үшіншіден, денсаулық сақтау саласының мамандары, дәрігерлер, мейірбикелер, техникалық қызметкерлер жалақылары көтеріледі деп үміттенеміз. Өйткені, жалақы жоғары болған кезде ғана адам бар ойын шын жұмысқа салады.

Төртіншіден, қолжетімді медициналық көмек дегеніміз - әр науқастың қалаған мемлекеттік, жекеменшік медициналық орталықтарда қөмек алуға құқығының болуы, Қазақстан Республикасының аумағындағы қалаған медициналық мекемеге қарала алуы. Бұл көмектің бәрі тегін болады»,  -  дейді Абай Құралбекұлы.

Тәжірибелі медицина саласының маманы реформпа сәтті жүзеге асса сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болмайды деген үміттенетінін жеткізді.

«Медициналық міндетті сақтандыру елімізде тамырын жайса, біз еш ұтылмаймыз деген пікірді қолдаймын. Түрлі сырқатқа шалдыққан бүлдіршіндер жан-жақтан көмек іздеп, халыққа алақан жаюға мәжбүр болмайды деген үміттеміз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі нақты жұмысын бастайды.

Медициналық қызметкер үшін бұл жүйе өте жауапты және ауқымды болып табылады. Денсаулық адам өміріндегі ең зор байлық. Бірақ адамдар оған сырқат бойын меңдеп, мазалай бастаған кезде ғана назар аударады. Енді, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша үш жақты жауапкершілік, еліміздің әр тұрғыны үшін азаматтың өзі, медициналық қызметкер, мемлекет жауапты болмақ», - деді Абай Құралбекұлы. 

Соңғы жаңалықтар