Мағжан Жұмабаевтың жарияланбаған қолжазбасының құпиясы белгілі болды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлері құпия белгісі салынып жарияланбай келген Мағжан Жұмабаевтың қолжазбасының мазмұнын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Құжат Астана өтетін «Қазақстанның жаңа тарихи белесі - Новые вехи истории Казахстана» көрмесіне қойылады.

Архив бөлімінің басшысы Мереке Баймұқановтың айтуынша, Мағжан Жұмабаевтың қолымен жазылған баяндамада СҚО елдімекендеріндегі аштық туралы айтылған. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары ашыққандар Ресейдің батыс тұсы мен орта бөлігінен Сібірге және Қиыр Шығысқа ағылды. Сібірдегілердің тұрмысы жақсы, ауқатты тұрады екен деген сыбыс шыққан соң ашыққандар сонда ұмтылды. Сол кезде Ақмола губерниясы құрамында болған Солтүстік Қазақстан облысының аумағында да аштық болды. «Мағжан Жұмабаев ашыққандарға көмек көрсететін төтенше комиссияда жұмыс істеді. Ол аудандарға барып, жергілікті жердегі жағдаймен танысты. Мағжан Жұмабаев өз қолымен жазған үлкен баяндама бар, онда ол қай ауылдарда халық ашығып жатқаны туралы нақты деректер келтірген. Бұл құжат Облыстық атқару комитетіндегі папкада сақталған. Қолжазба бұған дейін еш жерде жарияланбаған», -  дейді Мереке Баймұқанов.

Архивте ақынға берілген мандат та сақталған, онда «Ақмола губерниясының ашыққандарға көмек көрсету төтенше комиссиясы төрағасының орынбасары Жұмабаев Мағжан Бекенұлы Петропавл мен Көкшетау уездеріне ашыққандарға көмек көрсету жұмыстарын күшейту үшін іссапарға жіберілді» деп көрсетілген. Мағжан Жұмабаевтың тапсырмаларының арасында «жергілікті органдардың ашыққандарға көмек көрсету мекемелерінің қорына келіп түскен азық-түлікті нақты есепке алу, ашыққандар санын есепке алу және жағдайы жақсы аудандарға оларды бекіту» мәселесі көрсетілген.

Мереке Баймұқановтың айтуынша, қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты құжаттар «өте құпия» деп белгіленген. «Мағжан Жұмабаев 1937 жылы тұтқынға алынған, ал 1938 жылы атылған. Қуғын-сүргінге ұшырағандар ісі әсіресе, партия мүшелерінің ісі архивтен толық алынып тастап отырған. Сол кездері және 60-шы жылдары архив НКВД мекемесінің құрамында болды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бөлім болды. Қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты істердің бәрі сонда жіберілді немесе жойылды. Мағжан Жұмабаевқа қатысты барлық құжат және барлық еңбектер тәркіленді. Құпия белгі тек ақталған соң ғана алынды. Қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты істердің бәрі қазір СҚО ІІД архивінде сақталып тұр», - дейді Мереке Баймұқанов.

«Қазақстанның жаңа тарихи белесі - Новые вехи истории Казахстана» көрмесі ҚР Ұлттық архивтің көрме залында 24-26 тамыз аралығында сағат 11.00-ден 18.00-ге дейін өтеді.

Соңғы жаңалықтар